Бекболат Тілеухан: қазақстандық жұлдыздар көкпар тартады

1 маусымда Астанада басталатын теңге ілу мен аударыспақтан Азия чемпионаттары биылғы ұлттық спорттың маусымашар шаралары болмақ. Алда қазақстандық жұлдыздар арасында "Жұлдызды көкпар", "Жұлдызды асық" сайыстары өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Осы жылы садақ атудан әлем чемпионаты өтеді. Бұған бүкіл құрлықтан, тіпті Африкадан қатысуға ниет білдіріп отырған адамдар бар. Содан кейін көкпардың насихаты үшін "Жұлдызды көкпар" жарысын ұйымдастырмақпыз. Онда атқа жақын, өнер мен спортта жүрген жұлдыздарымыз бақ сынайды. Мәдениет және спорт министрлігі де жаңа жобаға қолдау білдіріп отыр. Бұл көкпардың насихатына үлкен әсері болатын дүние. "Жұлдызды асық" деген жобамыз да бар. Осылар арқылы біз ұлттық спортымызды насихаттауға мүмкіндік ашамыз", — деді Мәжіліс депутаты, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрлік пен ұлттық спорт қауымдастығы жоспарлап отырған жобалардың бірі – "Алтын тұлпар" аламан бәйгесі.

"Бұған байланысты бір нәрсені айта кетсем, "Ақ жол" партиясы ұлттық спортқа қарай мойын бұра бастады. Аламан бәйге қыркүйектің бірінші жексенбісінде болады. Мәдениет және спорт министрлігі жобаларымызға әрдайым қолдау көрсетеді. "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қоры мен "Samruk-Kazyna Trust" қоры да көмектесеміз деп отыр", — деді ол.


Сондай-ақ, Бекболат Тілеухан көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізуге Түркия тарапы қызығушылық танытқанын атап өтті. Айтуынша, қазір осыған қатысты келіссөздер жүргізілуде.

 

Оқи отырыңыз:

Бесінші сәбиін дүниеге әкелген Динара Сұлтан арықтай алмай жүр

Атырауда шомылу маусымы ашылды

Атырауда жол апатынан жүргізуші қаза болып, 3 адам ауруханаға жеткізілді