Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
- Ташкентте сіз украиналық Егоровқа қарсы жекпе-жек өткіздіңіз. Өткен кездесу туралы не айтасыз? Бұл сайысқа дайындалуға сізде қанша уақыт болды?
- Иә, Ташкенттегі қарсыласым Александр Егоров деген боксшы болды. Негізі, бұл боксшы осыған дейін біраз мықтылармен кездескен. Олардың ішінде Олимпиаданың қола жүлдегері Владимир Никитин де бар. Осыған дейін Егоров чемпиондық белбеулерге де таласқан. Шынымды айтсам, бұл жекпе-жек мен үшін оңай болды.
Бірақ, жекпе-жекке дейінгі сәт шамалы қиындау өтті. Себебі, мен бұл кездесуге үш апта ғана дайындалдым. 20 күн салмақ қудым. Жалпы 20 күннің ішінде салмақ қуу оңай емес.
Басында біз басқа бокс кешіне дайындалып жатқан едік. Ол тамыздың ортасынан кейін болу керек еді. Сосын жоспар өзгеріп, 5-тамызда шаршы алаңға шығатын болдым.
- Егоровтың еншісінде сізбен жекпе- жек алдында қатарынан 6 жеңіліс болды. Сізге шынымен де осындай деңгейдегі қарсылас керек болды ма?
- Расында, Егоровтың соңғы нәтижелері нашар екен. Мен оған аса қатты мән бермедім. Себебі, өз дайындығыма назар аударып, салмақ қуып жүрдім.
Қалай болғанда да жекпе-жек өтті. Жұдырықтаспай жүре бергеннен көрі арасында осындай қарсыласпен де кездесіп қою керек шығар. Бірақ, ашығын айтайын, қарсылас мен ойлағаннан төмен деңгейде болды.
- Сіздің мансабыңызды дамыту жөніндегі менеджеріңіздің қандай жоспарлары бар? Биыл рингке шығасыз ба?
- Менеджерімнің жоспары біреу ғана – мені чемпион қылу. Сол үшін де жұмыс істеп жатыр. Рейтинг өскен сайын қарсылас табу да қиын. Соңғы кездесуден кейін менеджермен жақсылап сөйлестім. Ол да қарсылас осал екенін айтты. Келесі жекпе-жекте рейтингте үздік 30 боксшының қатарында тұрған қарсыласпен шығарудың әрекетін жасайтынын айтты.
Жылдың жартсы енді өтті. Бұйырса, жыл соңына дейін тағы бір кездесу өткізу жоспарда бар.
- Алдағы екі жылда өзіңізге қандай мақсаттар қойып отырсыз?
- Барлық боксшылардың арманы – чемпион болу. Менің де мақсатым сол. Алдағы бір екі жылда өз салмағымда чемпиондық белбеулердің біріне қол жеткізу.