Бекжан Тұрыс: Өмірге де, өнерге де пайым мен зерде керек

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Бекжан Тұрыспен кездесу өтті, деп хабарлайды zakon.kz оқу орнының баспасөз орталығы берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Қыздар Университетінің студенттері қатысқан жиында театр майталманы жастардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өзінің өнерге қалай келгені турасында, ұлтжанды азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер жайында әңгімеледі. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы туралы сөз қозғап, ондағы басым бағыттардың өскелең ұрпаққа берер тағылымы мен тәрбиесі мол екендігін жеткізді. Сыр-сұхбат форматында ұйымдастырылған кеш барысында Б.Тұрыс студенттік шақта басынан өткерген қызықты жайттарды айтып, домбырамен ән шырқады. Сондай-ақ, театр өнері хақында да ой бөлісті.

– Актер, жалпы өнер адамы санасында саңылау болса, күнделікті ой үстінде жүреді. Мен театр сахнасындағы кейіпкерлерімнің бейнесінде, телебағдарламаларда көңілді көрінгенмен, көп ойланып жүретін адаммын. Сырттай көріп қалғандар: «Немене басың салбырап, еңсең түсіп кеткен?» – деп сұрап жатады. Шынайы өнер тереңнен тартады. Берілген образды сахнаға алып шыға салып, қойылым біткесін басқа адамға айналып кете барсам, ненің баяны болмақ? Өмірге де, өнерге де пайым мен зерде керек, – деді өз сөзінде Бекжан Тұрыс.

Кездесу соңында Қыздар Университетінің студенттері театр саңлағына емен-жарқын сұхбаты үшін ризашылығын білдіріп, өз өнерлерін көрсетті. 


Бекжан Тұрыс академиялық драма театрдың сахнасында елуге тарта рөл ойнады. Ол ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургияда сомдаған қайталанбас образдарымен халықтың ыстық ықыласына бөленген актер. 30 жылға жуық уақыт аралығында театр сахнасынан бөлек, кино мен телевизия саласындағы еңбегімен де жұртшылыққа кеңінен танымал. Актердің драмалық рөлдері көрерменін егілтсе, комедиялық рөлдерінде еріксіз езуге күлкі үйірілдіріп, бір күлдіріп алады. Күлдіріп отырып, жылататын да кезі көп.

– «Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп білетін өнер иесі өзіндік ұстанымдарымен, берік көзқарасымен, өнерге деген адалдығымен, болмысындағы қарапайымдылығымен, адамгершіліктің ақ жолын кесіп өтпес мінезімен қадірлі. Ізін жалғаушы іні-қарындастарына айтар ақылымен бағалы. Сондықтан да алдыңғы толқын ағалардың ойы мен пайымы біз үшін қымбат, – дейді оқу орнының студенттері.