Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттері Біртұтас Экономикалық кеңістік құрудың өзекті мәселелерін талқылайды

Ақпарат көзінің айтуынша, бұл құжаттарды нақты іске асыру нәтижесінде экономикалық интеграцияны тереңдетуге, "төрттік" аясында тауар, қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалысына біртіндеп көшуге қажетті жағдайлар жасалады.

Өздеріңізге мәлім, 2004-жылдың 15-қыркүйегінде Астанада өткен саммитте Біртұтас Экономикалық кеңістікке мүше елдердің президенттері кезек күттірмей келісіліп, қол қойылуға тиіс 29 келісімнен құралған құжаттар топтамасын бекіткен. Кезек күттірмейді делінген бұл 29 келісімге бір уақытта қол қойылып, күшіне енуі тиіс.
Қазіргі жағдаймен кезек күттірмейтін 29 құжат Ресей, Беларусь және Қазақстан республикаларында үш жақты форматта келісілді. Украина 15 келісім-шартын келісуге ғана атсалысып, соның ішінен 8 келісімді ғана құптап отыр. "Бұл мәселе осы жолғы саммитте түбегейлі талқыланады",- деді ақпарат көзі.
Оның айтуынша, кездесуде "төрттік" елдерінің Біртұтас Экономикалық кеңістік құру жөніндегі 2003-жылдың 19-қыркүйегінде Ялтада қол қойылған келісімнің басты ережелерін жүзеге асыруға одан әрі атсалысу перспективалары талқыланады деп күтілуде. Президенттердің қарауына жеке тұлғалардың төрт мемлекеттің шекаралары арқылы жеңілдетілген тәртіппен қатынауы туралы құжаттар топтамасы ұсынылады деп межеленген.
Беларусь, Қазақстан, Ресей және Украина президенттері 2003-жылдың 23-ақпанында Біртұтас Экономикалық кеңістік құруға ниет білдірді. Ал оны құру туралы келісімге 2003-жылдың 19-қыркүйегінде қол қойылды.