Белгілі актриса 30 жылдан кейін жерлестері алдында шығармашылық есеп берді - Ақмола облысы

ҚР еңбегі сіңген қайраткері Қымбат Тілеуова отыз жылдан кейін жерлестері алдында шығармашылық есеп берді.

Жетпісінші жылдың соңында өнер ілімін қуып Алматыға кетіп, 1977 жылы Мәскеуде білім алып, сексенінші жылы Қазақтың Мемлекеттік Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының қабырғасында алғаш қадамын бастағаннан бері осынша уақыт өткен екен. Сахна төрінен «Абай» трагедиясындағы Мақашпен көрініп, бүгінгі таңда 60-қа тарта кейіпкерді сомдаған екен. Есепті кеште Дулат Исабековтың «Актриса» драмасында тағдыры әрқилы актер Айгүлдің тірлік-тынысын, өмірі мен болмысын көрерменге ұсына отырып, өз ой-пайымдауын сол арқылы жеткізген актер бұл жолы да шығармашылық биігінен көрініп, жұртшылықтың қошеметіне бөленді. Қойылым соңында ақмолалықтар жас талапкер Қымбат пен сахнада ысылған, ойы мен топшылауы толысқан Қымбат Тілеуованы салыстыра отырып, осы уақыт ішінде қордаланған сауалдарына нақтылы жауап алды. Бірі қаршадай қыздың қылығын, тапқырлығын, алғырлығын тілге тиек етсе, әріптестері оның бойындағы айтса сенгісіз оғаш қылықтарының да жетіп-артылатынын еске алысты.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыс әріптесі жайында сан қилы қызықты жәйттерді, тәжірибе алар тұстарды жеткізіп берсе, ауылдастары актерге дейінгі ұмытылмас сәттерін айтып, бір жасап қалысты. Осылайша ерке қыздың есейіп, ер жеткеніне мәз болған ауылдастары, ағайындары, барша жұртшылық алдағы күнді жиірік жүздесіп, мауқын басып отырысуға уағдаласты.

Осындай жылы шырайлы кездесу Көкшетауда «Көкше» академиясында да өткен болатын.