Белгілі ақын, прозаик Бақытжан Қанапияновтың шығармашылық кеші өтті

Кешке «Литературноя газетаның» бас редакторы Юрий Поляков бастаған Ресейдің Ирина Силецкая, Сергей Мнацаканян, Александр Тимченко сынды ақын-жазушыларынан құралған делегация қатысуда. Бұнымен қатар ҚР Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов, ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхамммед, белгілі ақын Олжас Сүлейменов, Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, Дариға Назарбаева сынды қоғам қайраткерлері арнайы құттықтау жолдады.

Бақытжан Қанапиянов қазіргі Қазақстан әдебиетіндегі танымал ақын, жазушының бірі. Оның шығармалары әлемнің 20 тіліне аударылып, Ресей, Украина, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Корея мен Малайзияда басылып шыққан. Ол өлең, прозалық шығармалар жазумен қатар ақындардың өлеңдерін аударумен де аты мәлім. Ол түрлі жылдары Абай, Мағжан, Махамбет, Жамбыл мен Кенен, Шәкәрім, Мағжан жырларын, «Қыз Жібекті» орыс тіліне аударған.

Ол кино мен телевидениеде де белсенді еңбек етеді. Бүгінге дейін 20-ға жуық деректі фильмнің авторы, режиссері болды. Олардың қатарында «Абай: өмірі мен шығармашылығы» (1983), «Шәкәрімнің соңғы күзі» (1992) сынды танымал фильмдер бар. «Әдеби Азия», «Әдеби Алматы» альманахтарының бас редакторы. «Жібек жолы» баспасының директоры болып қызмет атқаратын ол Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының, халықаралық Алаш сыйлығының, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының, Махамбет атындағы сыйлықтың, «Парасат» орденінің иегері.