Түрлі шегірткелер мен құрттардан және т.б. жыбырлаған жәндік атаулы қосылып даярланған тағамдарды "Дэлез" (Delhaize) супермаркеттер желісінен сатып алуға болады.
Бұл жаңа өнім түрін сатумен айналысатын алғашқы сауда желісі. Жақында оның сөрелерінде «Жасыл қоңыздар» (Green Bugs) деп аталатын ұн құрттарынан әзірленген гамбургерлер де пайда болмақ, деп жазады Вести.ру.
Айта кетейік, Бельгия жәндіктерді тағамға пайдалануды заңды түрде енгізген Еуроодақтағы алғашқы ел болып отыр. 2013 жылдың желтоқсан айында ел билігі жәндіктерді өсіріп, тағам ретінде тұтынуға рұқсат берген. Енді мұндай кәсіппен айналысуды ниет еткен кәсіпкерлер арнайы сертификаттаудан өткізілмек.
Бельгияның азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігімен айналысатын агенттігі ас-ауқат ретінде пайдалануға жарамды он жәндікті атады. Олардың қатарында шегірткелердің бірқатар түрлері, сондай-ақ құрттар мен жұлдызқұрттар бар. Ал әлемде жәндіктердің 1,4 мың түрі жеуге жарамды. Зерттеулер көрсеткендей, олар жануарлар еті немесе балық тәрізді адамға пайдалы ақуызға өте бай.