Бельгияның ресми өкілдері екі күндік сапармен Байқоңырға келді

Өкілдер құрамында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымының парламентаралық ассамблеясының мүшелері мен Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшісі Даниэль Дель Мармоль бар. ҚР парламенті сенатының әлеуметтік және мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі Светлана Жалмағамбетова өкілдермен бірге ел аралауда.

ҚР президентінің Байқоңыр ғарыш айлағындағы арнаулы өкілі аппаратының баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Бельгиялық өкілдер мұнда таныстық үшін келген.
31-қазан күні кешкісін өкілдер қала және Байқоңыр ғарыш айлағының басшылығымен, Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбековпен кездесті. 1-қараша, дүйсенбіде меймандар ғарыш айлағының ұшу алаңдарын аралап, ғарыш айлағының тарихи мұражайында болып, Халықаралық ғарыш мектебіне барды. Қаза тапқан ғарышкерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Өкілдер көріп-білген дүниелеріне ризашылық білдіріп, Бельгия мен Байқоңыр арасында мәдени салада өзара ынтымақтастық орнатуға әзірлік танытты.
Бүгін кешке өкілдер Астанаға ұшып кетті.