Бензин бағасының өсуі уақытша құбылыс - Энергетика вице-министрі

«Жақында Үкімет отырысында кезекті рет ішкі нарыққа бензинді жеткізу мәселесі талқыланды. Өздеріңіз білесіздер, біздің негізгі мұнай өңдеу зауыттарында тиісті жұмыстар аяқталуға таяп қалды. 2018 жылы мұнай өңдеуді 15 миллион тоннаға жеткізіп, осы арқылы елімізде отын тапшылығын жоюға мүмкіндік жасалады»,-деп тоқталды Жақсалиев.

Оның сөзіне қарағанда, бүгінде нарыққа бензинді жеткізуді тұрақтандыру мақсатында «ҚазМұнайГаз»  Ресейден отынды қажетті көлемді сатып алды. Әрине, РФ-те Қазақстанмен салыстырғанда отын бағасы жоғарылау. Осы орайда ҚМГ тиісті көлемде шығындарға тап болуда.

«Қазіргі кезде бензинге белгілі бір деңгейде бағаның өсуі орын алуда. Бұл тұрғыда 165 теңге (АИ-92 маркалы бензинінің литріне) деңгейінде болады деп пайымдаймыз. Бензин жеткізуде дағдарыстық құбылыстың төмендеуіне қарай, ұсыныс көлемі артып, баға төмендейтін болады»,-деді вице-министр.


Аптаның басында өткен Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев қазан-қараша айларында АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 160-161 теңге болуы тиіс екенін айтқан болатын. Мұнан бөлек, министр таяу уақытта елімізде бензин тапшылығы болмайтындығына сендірді.