Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.
«Бес ағайындымыз. Төрт ұл, бір қызбыз. Кішкентай кезімізден балалар үйінде тәрбиелендік. 1998 жылы ата-анамыз қайтыс болған. 1999 жылдың қыркүйегінен бастап, бесеумізді де балалар үйіне орналастырады. Ол кезде ең кішкентайы біз екі жаста болғанбыз. Ештеңе есімде жоқ. Тек құжаттарды қарап ата-анамыз туралы білдік. Ол кезде ең үлкен ағам 7 жаста екен. Қазір апам да, ағам да қалада жұмыс жасап жатыр», — дейді Аман Мусуралиев.
Бердібек Сапарбаев екі жыл бұрын ақтөбелік шенеуніктерді жетім балаларға қамқорлық көрсетуге шақырған болатын. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған жасөспірімдердің банктегі есепшотына ақша аударып, баспана алуына қолдау көрсетуді тапсырды. Әкімнің өзі де егіз балаларды қамқорлығына алған.
«Бізді «әкімнің балалары» деп айтады. Әкіммен кішкене ғана сөйлестік, уақыты болған кезде шақыратынын айтты. Ол кісі қамқорлығына алған кезде біз 11 сыныпта оқып жүрдік. «Сабақтарыңды оқыңдар, барынша көмектесемін» деді. Қайырымдылық шарасы кезінде мейрамханада кездесіп қалдық. Сол кезде туған күнімізге ақшалай сыйлық берді. Бердібек Машбекұлы тәжірибелі адам. Ол кісімен көбірек сырласып, өмірлік тәжірибе алғымыз келеді», — дейді
Аман Мусуралиев.
Аман қазіргі уақытта Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің физика-математика факультетінің 2-курсында оқиды. Әлеуметтік орталықтың тәрбиеленушілері іскер адамнан тәжірибе алып қалуды армандайды.