Бұл абдырап қалған ата-аналардың өздері түсірген көріністер. Балалар шетінен есінен танып құлап жатыр. Дәрігерлер көмегіне 20 адам жүгінген. Бүгіннің өзінде үшеу келді. Тоғызыншы сынып оқушысы Кәмила мектеп дәлізінде кетіп бара жатып құлаған. Көзі қарауытып, тынысы тарылыпты. Одан кейінгісі есінде жоқ. Оған не болғанын түсінбесе де алғашқы көмекті мектеп мейірбикесі көрсетіпті.
Гүлнар Мендібаева, мектеп мейірбикесі:
-Бізде күніне балалар құлап жатады. Қазірдің өзінде 23 адам жүгінді. Басы аурады, басы айналады, аяқтарды ауырады. Есінен танады.
Балалары үшін алаңдаған ата-аналардың мазасы қашқан. Бүгін ауыл тұрғындары билік өкілдерін кездесуге тағы шақырды. Олар шенділерге сенімсіздік білдіріп отыр. Сондықтан ушыққан жағдайға үкіметтегілердің араласуын сұрап отыр. Әйтпесе орны толмас өкішінке әкелуі мүмкін дейді.
-Туған балаң көз алдыңда өліп бара жатса сұмдық қой. Жаныңды қоярға жер таппайсың.
Ата-аналар дәрігерлердің де әлсіздігіне қапалы. Сан рет тексеру жүргізгенімен әлі күнге жұмбақ арудың себебі анықталмады деп отыр. Ал, бәленің бәрі білім ошағында деген де күтік бар. Есінен танғандар түске дейін оқитын, орта жастағы оқушылар екен. Сондықтан ертеңнен бастап шәкірттер тек түстен кейін тәлім алмақ.
Азамат Сафималиев, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары:
-Бұл мәселе біздің тарапымыздан көтерілген. Сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Мен ешкімді үміттендіргім келмейді, себебі бұл біздің құзіретімізде емес.
Тұрғындар атышулы ауылдан көшіруді талап етіп келеді. Бірақ билік өкілдері оған мән бермей жүр. Енді атқарушы билік қаласа да, қаламаса да жергілікті халықты басқа жаққа қоныстындыруы тиіс. Себебі құлашын кеңге жайған «Қарашығанақ» кен орны, өндіріс көлемін ұлғайтып жатыр.
Loading...