Бүгінгі апелляциялық отырыс басталмай жатып, судья 2 рет үзіліс жариялады. Себебі, істі қайта қарауды сұрап шағым түсірген 20 айыпталушының адвокаттары өзара дауласып қалды. Жалпы бұл жолғы апелляциялық соттың әлі неше күнге созылатыны белгісіз. Естеріңізге сала кетейік, 8 ай тергеліп, 11 ай бойы жүрген сот үкімді өткен жылдың қарашасында шығарған. Оған сәйкес, 22 адамның 15-не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ең ұзақ мерзім, яғни 15 жылды Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Болат Дәукенов арқалады. Ал басты айыпталушы Бергей мен оның інісі Аманжан Рысқали және тағы 11 сыбайласы қазір іздеуде. Бұл қылмыстық топ Бергейдің билікте болған 6 жылында қазынаны тонаумен айналысып, мемлекетке 71 миллиард теңге шығын келтірген.
Юрий Слинченко, Болат Дәукеновтің адвокаты:
-Дәукеновтің өзі үкім өзгереді деп ойлап отырған жоқ. Біз тек «дүние-мүлкін тәркілеу» дегенге қатысты шағым түсірдік. Сот оның 2 пәтерін тәркіледі. Оның біреуін Дәукенов облыс әкімінің орынбасары болмай тұрған кезде несиеге алған. Және қамқорлығында әйелі мен кәмелетке толмаған балалары бар екендігін де ескерген жоқ. Міне, осы жайттарды ескере отырып, үкімді өзгерту керек деп есептейміз.
Loading...