UniCredit банкі және МЕТРО концерні ұйымдастырған «East Forum Berlin» 3-ші халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Конференция жұмысында Оңтүстік-Шығыс және Батыс Еуропа, Орталық Азия мен Кавказ елдерінен 250-ден аса үкіметаралық және іскерлік топтардың өкілдері қатысты.
Конференция шеңберінде Шығыс пен Батыстың арасындағы геосаяси қайшылықтар, Еуропалық Одақ (ЕО) пен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) ынтымақтастығының мүмкіндіктері, ЕО Шығыс әріптестігінің жүзеге асырылуы, Еуразиялық континентте еркін сауда және экономикалық үйлесімділік туралы келісімді қарастыру секілді мәселелер талқыланды.
«ЕО және ЕАЭО: санкциялардан кейін не болады» қайталамалы сессия жұмысына Қазақстаннан ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Альберт Рау қатысты. Ол өзінің кіріспе сөзінде Қазақстан Еуразиялық кеңістікте интеграциялану идеясының бастамашысы ретінде сыртқы экономикалық қатынастың дамуында көп векторлы әдісті ұстанатынын және посткеңестік кеңістікте және одан тыс жерде көптеген экономикалық бірлестіктерде белсенді қатысушы болып табылатынын айтты. Вице-министрдің пікірінше, ЕАЭО өзінің дамуы, кеңеюі және интеграцияның тереңдеуі барысында дүниежүзілік экономикалық және саяси үдерістерге ықпал ете алатындай ірі аймақтық тіпті ғаламдық экономикалық жобаға айналуға жеткілікті алғышарттарға ие. А. Рау кездесу қатысушыларын ҚР үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының (ҮИИДМБ) 2-ші кезеңін жүзеге асыру барысымен таныстырды.
Пікірсайыс қатысушылары ЕАЭО елдері зор табиғи және адами ресурстарға бай, Еуропа және Азия арасын қосатын бірегей трансконтинентальды географиялық жағдайға ие екенін, бұл ЕАЭО дүниежүзілік бәсекеге қабілеттілігін арттыратынын және аймақтық не ғаламдық мағынада транспорттық-логистикалық жол бағдарын жасау мүмкіндігін атап өтті. Еуразияда бүгінгі экономикалық белсенділіктің жаңа полюсі қалыптасып, ол келешекте дүниежүзілік дамудың қозғағыш күші мен қайнар көзіне айналмақ, және бұл үрдіс ЕАЭО-ның өзге экономикалық одақтармен және мемлекеттермен ынтымақтасуға ашықтығы аясында өтіп жатыр.
Халықаралық сарапшылар, сонымен бірге, «East Forum Berlin» беделді дискуссиялық алаңның жұмысына тұрақты қатысатын Қазақстанның белсенді рөлі мен ашықтығын атап өтті. Олардың пікірінше, Қазақстан Республикасы өзінің тұрақты экономикалық және сыртқы саясаты, қолайлы инвестициялық имиджі арқасында шетел капиталын, жаңа технологияларын, жұмыс күшін тартатын ЕАЭО орталығына айналуда.