Өткен жылы жарық көрген сұхбаттың бұл үзіндісінде айтылған мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан Caravan.kz медиа-порталы оны жариялауды жөн көрді.
Д.Смирнов: - Біз (Ресей – ред.) Еуропамен бірге құрып бітуге жақын қалдық. Сосын бәрі мұсылмандарға қалады.
Журналист: – Метрода жүргенде де, басқа жерде де байқаймыз, Мәскеуде Орталық Азия республикаларынан келгендер көп...
– Бұл – біздің болашағымыз. Еуропада да солай. 5 жылдан кейін Ұлыбританиядағы ең бірінші есім Мұхаммед болады деп жатыр. Қазірдің өзінде ол Джейкобтан кейінгі екінші орында тұр. Ал бес жылдан кейін екеуінің орындары ауысады. Брюссельде де солай. Онда тұратын мұсылмандардың үлес салмағы 49 пайыз.
– Олардың (мұсылмандардың – ред.) балалары көп қой. Отбасылары үлкен.
– Иә, олар баланы жақсы көреді, бағып-қағады. Болашақта Берлинде де мұсылмандар саны 70 пайызға жетеді. Ал 30 пайыз немістер негізінен кәрі-құртаң болады.
– Ал Мәскеуде қалай болады?
– Мәскеуде де солай тәжіктер мен өзбектер болады. Христиан қауымы шіркеуге барудың орнына футболға, поп-концертке барады. Сөйтіп, діни кеңістікті мұсылмандарға беруіне тура келеді. Өз басым кәрі адаммын, ғұмыр жасымның ол кезге дейін жетпейтініне қуанамын. Түркияға талай рет бардым. Сонда Византия империясынан, христиан әлемінен не қалғанын көрдім. Бірен-саран ғана ескерткіштер қалған. Еуропа аумағында да енді бірнеше ескерткіштер ғана қалады. Кейбіреулерінен тәп-тәуір мешіт жасайды. Ал былай Еуропа ақыр аяғына таяп қалды. Өйткені ондағылар өз дінінен безуде. Онда мұсылмандар жылжымайтын мүлікті көптеп сатып алып жатыр. Олар ақылды, білімді. Болашақ солардыкі. Балалары көп. Ал Германияда «баласы жоқ отбасыларға таунхауз жалға беріледі» деген хабарландыруды өз көзіммен көрдім. Яғни оларға бала керек емес. Германияда көпбалалы отбасылар саусақпен санарлықтай ғана шығар. Ал мұсылмандарда ондай отбасы көп.
– Жағдайымыз ұқсас қой, негізі...
– Иә, ұқсас. Еуропада тұрамыз ғой. Бізде де жағдай солай. Мұсылмандар бала туып жатыр, ал христиандар олардан құбыжық көргендей сақтанады... Храмдар бос тұрады. Бізде мұсылман мейрамы болған кезде ондаған мың ер адам Құдайға құлшылық етіп жатады. Ал храмда негізінен әйелдер жүреді. Ер адамдар 10-15 пайыз ғана шығар... Жоқ, храмда көпбалалы отбасылар жеткілікті. Бірақ біз бүкіл елдегі жағдайды өзгерте алмаймыз ғой.