Берлинде Samsung компаниясы бірнеше жаңа смартфонның тұсауын кесті

Берлиндегі бұл тұрмыстық техника мен электроника көрмесінің тарихы 1924-ші жылдан басталады екен. Содан бері, соңғы үлгідегі техникалар жыл сайын осында жұрт назарына ұсынылып келеді. Мұнда жаңа өнімдерді алдымен журналистерге таныстыратын үрдіс қалыптасқан. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 5 мыңдай тілшінің қатысуымен Самсунг компаниясы да бірнеше жаңа құрылғыларының тұсауын кесті.

Galaxy Note 4-тің сыртқы келбеті айтарлықтай өзгеріпті. Қаңқасы алюминиймен, ал қақпағы қолда тайғанап кетпейтіндей етіп, былғары іспеттес поликорбанатпен көмкерілген. 16 мегапиксельді камерасының сапасы да сыншылардың өзін таңдай қақтырып отыр. Ал үлкен экраны мынадай арнайы қалам арқылы бір мезетте бірнеше қызметті қатар атқаруға мүмкіндік береді.

-Самсунг ұсынып отырған тағы бір жаңа өнім - Galaxy Note-тың мына ерекше түрі Galaxy Note Edge. Мұның басты ерекшелігі, экраны былай жанға қарай майысқан. Телефонның негізгі бетін пайдалана отырып, тіпті, қақпағын жауып тастағанның өзінде қосымша қызметтер, хабарламаларды мына жанынан көре бересіз.

Иілген экран смартфондағы жиі қолданатын қызмет түрлерін тез табуға да қолайлы.

Аркадий Грай, Samsung Mobile-дың Ресей мен ТМД елдеріндегі басшысы:

-Қосымша панель негізгі экранның жалғасы сияқты. Дегенмен дербес жұмыс істей алады. Яғни негізгі бет жабық тұрса да, өзіңіз қалаған кез-келген қызметті атқара береді. Мүмкіндіктері жоғары. Тіпті мамандарға әлі қалай пайдалану керектігін ойластыру қажет.

Самсунг ұсынған тағы бір жаңа туынды мына «ақылды» қолсағат. Gear S уақытты ғана көрсетіп қоймай, кәдімгі смартфонның да қызметін толық атқарады. Хабарлама жіберіп, қоңырау да соға аласыз. Әрі Gear S барометрмен, GPS-пен, қан қысымын өлшейтін түрлі қызметпен толыққан.


Берлин көрмесіндегі инновация мұнымен бітпейді. Самсунг мұнда «ақылды техникамен» жабдықталған болашақтың үйін де көпшілік назарына ұсынды. Smart Homeбірінші кезекте қауіпсіздік пен энергияны үнемді пайдалануға негізделген.

Алиса Беспалова, Samsung Electronics Central Eurasia PR-менеджері:

- «Ақылды үйде» жанға қажетті техниканың барлығы смартфонмен басқарылады. Мұнда Самсунгтың соңғы үлгідегі өнімдері қойылған. Экраны иілген теледидардың өзі неге тұрады. Расымен, уақытын тиімді пайдаланатындарға таптырмас құралдар.

Оңтүстік кореялық алпауыттың соңғы үлгідегі бұл техникалары әзірге тек Германияда көрсетілді. Ал Қазақстан нарығына алдағы айдан бастап шықпақ.