Бетбақдалада қырылған киіктің саны 90 мыңға таяды

Жұт апта бұрын Қостанай облысында басталған болатын. Алғашқыда  «Ырғыз Торғай» табиғи резерватынан 4 киіктің өлексесі табылған. Кейін індет лезде тарап, қазір Бетпақдалада киіктің өлексесінен аяқ сүрінеді. Мұнда қырылған ақбөкеннің саны рекордттық көрсеткіш 85 мыңнан асып кетті.

Сламжан Нысанбай, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары:

-Күннен күнге өлекселер көбейіп жатыр. Ақырында республикада төтенше жағдай жарияланды. Қазір төтенше жағдай қызметі , аудан, облыстардан келіп көмек беріп  жатыр.

Ветеринарлар киіктің өлексесін жинап үлгере алмай жатыр. Қостанай облысына 150 сарбаз, 90 астам техника көмекке келген. Жергілікті тұрғындар да қарап қалған жоқ. Жұрт бар шаруасын тастап киік теріп жүр.

Ринат Мақашев, Амангелді ауданының тұрғыны:

-Бүкіл Қазақстанның байлығы деп ойлаймын, сол байлықтан айырылып қалып жатырмыз. Сол ел болып, жұрт болып ерікті түрде көмек беріп жатырмыз.

Тау болып үйілген өлекселер арнайы қазылған мынадай орға көмілуде. Ал, ауру киіктердің еті мен мүйізі саудаға түсіп кетпес үшін бұл маңда күзет күшейтіліпті. Ақтөбеде де жағдай ушығып тұр. Бұл аздай енді жұқпалы індет Ақмола облысына жетті. Қос өңірде өлген киіктің саны 4 мыңды құрап отыр.

Ерлан Нысанбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

-Ақмола облысынан хабар келді. Жарқайың мен Жақсы ауданының жерінде алғашқы өлген киіктің денелері табылды.

Жұқпалы індет ақбөкендерді соңғы төрт жылдан бері шыр айналдырып келеді. Алайда, аурудың себебі әлі анықталмаған. Зерттеу жүргізу үшін Білім министрлігіне бюджеттен 332 миллион теңге бөлінген екен. Енді Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер «қыруар қаржыны желге ұшырды» деп әріптестеріне өкпелеп отыр.

Ветеринарлар биыл да киіктер қырылып жатқан жердің су, шөп, топырағынан сынама алып, республикалық зертханаға жіберіпті. Оның қорытындысы кем дегенде он күнен кейін белгілі болады. Әзірге жергілікті мамандар «түз жануарлары шөптен улануы мүмкін» деген болжам жасап отыр. Сондай-ақ, Қостанай облысында қазір прокурорлар да тексеру жүргізіп жатыр. Киіктердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Loading...