Бетперде тақпаған 495 адамға 20 миллион теңгеден аса айыппұл салынды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап хабарлайды.

"Бүгінде карантин талаптарын бұзатын жеке тұлғалар да жауапқа тартылады. 5 шілдеден бері 495 адамға 20 миллион теңгеден аса айыппұл салынды. Ондай тәртіп бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы қаласында және Түркістан қаласында тіркелген. Соның ішінде бетпердені жабық үй-жайда және көлікте тақпау, арақашықтықты сақтамау бар", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Карантин басталғалы бері арнайы бақылау топтары республика бойынша 25 438 нысанды тексеріп шықты. 3 мыңнан астам тәртіп бұзушылықтар анықталды.

"Екі апталық карантиннің басында тексерушілер тек ескерту ғана жасады. Осылайша, 16 мыңнан ұйғарым табысталды. Ал 742 нысан өз еркімен жұмысын тоқтатты. Бүгінде көп жағдайда бетперде тағу талабы орындалмайды, арақашықтық сақталмайды, антисептик қойылмайды. Сондай-ақ, карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсаты жоқ нысандар да анықталды", - деп атап көрсетті Есмағамбетова.

Бүгінде санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары жоспардан тыс тексерістерді де жүргізеді. Осы уақытқа дейін 270 нысан тексерілді. Барлығында тәртіп бұзушылықтар анықталды. Соның нәтижесінде 1 036 әкімшілік хаттама рәсімделіп, 23 кәсіпкерлік нысанның жұмысы тоқтатылды.


"Жалпы, жоспардан тыс тексерістер мен бақылау топтарының рейдтері кезінде 457 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Оларға 65 миллион теңгеден астам айыппұл салынды", - дейді Есмағамбетова.

Оның айтуынша, төтенше жағдай енгізілгелі бері көпшілік шараларға тыйым салынған. Соған қарамастан, кейбір адамдар әлі күнге дейін үйлену, ұзату, туған күн және тағы басқа да жиындар өткізеді.

"Ондай шараларда инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары. Себебі, отбасылық мерекелерге туыстар мен таныстар жиналады. Басқа аймақтардан да келеді. Олар үйлеріне қайтқанда вирусты бүкіл елге таратады", - деді Есмағамбетова.