«Сотталғандардың көбі шартты түрде мерзімінен бұрын еркіндікке шығу мүмкіндігіне ие бола алмайды. Себебі, түрме басшылары оның мінездемесіне: «көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан жоқ» немесе «түрмеде жұмыс істеген жоқ» деп жазады. Ал, түрмеде жұмысы жоқтар немесе билеп, өлең айта алмайтындар не істейді?» - деді Ж.Асанов бейсенбі күні «Түрме тұрғындарының» санын қысқартуға бағытталған 10 шара» атты жоба тұжырымдамасымен таныстыру барысында.
Оның айтуынша, 2012 жылы еліміз бойынша 5262 адам мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан. Сот орындары 11 мың 478 өтініштің 6396-сын немесе 56 пайызын қанағаттандырмай тастаған. Оған негізінен келтірілген шығынның өтелмеуі (15%) және жәбірленушінің пікірін есепке алу (37%) сынды жағдайлар түрткі болған.
Тұжырымдаманы әзірлеушілердің пікірінше, тұтқындарды мерзімінен бұрын босату туралы өтінішті көбіне Маңғыстау және Шығыс Қазақстан (76%-дан), Алматы облыстарының (66%) соттары қанағаттандырмайды екен. Ал, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында қанағаттандырылмаған өтініш саны 30 пайыздан аспайды.