Аристотель «Би адамдардың мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін, әрекетін көрсететін таза ырғақтың көрінісі. Себебі, би қимылдары туар кезде ырғақтық сурет, әдетте, оны туғызған сезім күйіне сәйкес келеді» деген екен.
Қазіргі таңда, балалар шығармашылығында кең дамыған, өте көп сұранысқа ие саланың бірі - би өнері.
Осы тұрғыда, Caravan.kz медиа порталының тілшісі би өнері маманының жетекшісі Байғазиева Кенжекей Әбжамиқызымен сұхбаттасты.
- Өзіңіздің осы би өнеріне келуіңіз жайлы айтсаңыз. Несімен қызықты болды?
- Алты Алашқа аты мәлім анам - Сыр,
Ауаң -ыстық, суың - шипа, далаң - гүл.
Қобызының үні қалған Қорқыттың,
Тұрмағамбет, Ешнияз-сал бабам - жыр, - демекші балалық шағым Қызылорда облысында өтті. Қызылорда мәдениетке өте бай қала.
Ең алғаш биге деген қызығушылығымды оятқан өзімнің жеңгем. Ол кісі биден сабақ берді, сол кісіге барып биді үйрене бастадым . Би үйірмесіне сол бала кезден мектепішілік, аудандық,облыстық іс-шараларға қатысып, бағымды сынадым. Сол кезден бастап, биге деген махаббатым ашылды.
- Би үйірмесінде қанша уақыттан бері жұмыс жасап келесіз? Қанша бала қатысуда?
- Мектепті бітіріп, арман қуып менде Алматыға оқуға түсуге келдім. Алла сәтін салып Қыздар педагогикалық мемлекеттік институтының хореография бөліміне грантқа оқуға түстім. Студент кезімде институт жанынан құрылған «Дала аруы» ансамблінің құрамында болып, өнерге кішкене болса да өз үлесімді қосып жүрдім. Нақты айтар болсам, 2002 жылдан бастап хореограф маманы болып жұмыс атқарып келемін. Сол жылдары оқушылардан құралған «Би нұры» би тобын құрдым. Сол тобыммен әлі жұмысымды жалғастырудамын. Әрине топтағы оқушылар жаңарып, жасарып отырады.
- Қандай жетістіктерге жеттіңіздер? Тарқатып айтып берсеңіз.
- Біз бағындырған жетістіктерге келетін болсақ, жетістік дегеніміз - рухани әрі дене қуатының бір мақсатқа бағыттау және сол мақсатқа жету. Қандай да бір істі тындырымды әрі тыңғылықты істеу де жетістік дер едім.
Бірнеше жерде жұмыс істеуіме байланысты, жылына 100 шақты шәкірт тәрбиелеп, би өнерінің қыр-сырын үйретіп, конкурстарға қатысып, әр түрлі жүлделі орындарға ие болып келеміз. Түсінген адамға әр алған жетістік артында үлкен еңбек жатыр.
Шәкірттерімнің қатысқан үлкен конкурстары мен жүлделі орындары жайлы айтар болсам:
2015 жылы Астана қаласында өткен Халықаралық «Ақ көгершін» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-би байқауының 3-орын лауреаты.
2018 жылы жылы Республикалық «Самрұқ» балалар мен жасөспірімдерарасындағы ән-би байқауының гран при иегері.
2018 жылы Республикалық «Самғау» балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқаудың гран при иегері.
2019 жылы Республикалық «Сырым бар жүргеімде» атты Нұрлы жастар продюссерлік орталығының ұйымдастыруымен өткен би байқауының 1-орын иегері.
2019 жылы Республикалық «Тайжарыс»ән би байқауының 1-орын иегері.
2019 жылы Халықаралық «Бойтұмар» байқауының гран при иегерлері атанды. Біз мұнымен тоқтап қалмай, одан әрі түрлі белестерге жетеміз деп сенемін.
- Жалпы би өнерінің басқа өнер саласынан ерекшелігін айтсаңыз.
- Бұл жерде мамандық еске түседі. Мамандық- қарапайым өмір сүру көзі болып табылатын және қандай да бір дайындықты, жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің маңызды бөлігі. Би өнері - менің мамандығым. Бұл саланы бірнеше жылдан бері зерттеп те көрдім. Бір сөзбен айтқанда, би өнері басқа өнер саласынан ерекшелігі, ол жерде бала өзінің бос уақытын тиімді ғана өткізбейді, сонымен қатар, дене сымбатының дұрыс қалыптасуына септігін тигізеді, адам баласына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, шапшаңдықты, шыдамдылықты дамытады. Әсемдікке, сұлулыққа, байсалдылыққа, сымбаттылыққа, тәрбиелейді. Жалпы адам бойындағы мәдениеттілікті қалыптастырады.
- Балалардың бұл өнерге деген қызығушылығы қаншалықты. Сұраныс көп шығар...
- Би - бұл үлкен өнер. Ал, үлкен өнерді адамның тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезінетіні ақиқат. "Өнер-өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал",- деп В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, әрбір ата-аналар балаларының жан-жақты дамуына көп үлес қосып жатыр. Сұраныс көп әрине. Өз балаларының бос уақын тиімді пайдаланып, билеп қана қоймай спорттың бір түрі дер едім. Балаларға да әдемі киімдермен сахнада өнер көрсеткен өте қатты ұнайды. Сахна киелі, сол сахнаға шығып, халықтың қошеметіне бөлену балаларға рух береді. Баланың өз-өзіне деген сенімділігі пайда болады.
Иә, расымен сұранысқа ие өнер. Әр өнердің орны ерекше болғанымен, би өнерінің бала өмірінен алар орны өте жоғары десем, қателеспеген болар едім. Мұқият қараған адамға би өнерінде түрлі сала жатыр. Баланы спортқа, мәдениеттілікке, сенімділікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа, зеректікке тәрбиелейтінін байқауға болады.
- Балалар қандай би түрін үйренуге бейім болады?
- "Салтын білмеген сауапты түсінбейді" демекші. Мен көбінесе қазақтың ұлттық билерін билеткенді ұнатамын. Одан кейін,
менің бидегі бағытым - ұлттық билерді насихаттау, дамыту және де келешек ұрпаққа ұлттық биімізді ұмыт қалдырмау. Балалар өзге ұлттың биін тек билеп қана қоймайды. Әрине, балаларға әр ұлттың билерін нақышына келтіріп, сол елдің салт-дәстүрін, мінезін сомдап шығу қиынға соғады. Сол үшін тынбай еңбек етуді талап етеді. Негізі, қазіргі балалар үнді халқының, өзбек халқының, түрік халқының билерін орындағанды ұнатады. Бұл би түрлері баланы көбіне шапшаңдыққа бейімдегенімен, ұлттық биіміз – баланы байсалдылыққа тәрбиелейді.
Би өнерін дұрыс оқыту – бұл тарихымызды, салт-дәстүрімізді, ұлттық сазымызды таныта отырып тәрбиелеу.
Би адамның ішкі дүниесін байытып, жанын тазартатын құдіретті өнер. Оқушылардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке, іскерлікке ынтасын арттыруда жеке тұлғаның қалыптасуына би өнерінің әсері ерекше.