Бұл пікірін Бибігүл Төлегенова «КАРАВАН» газетінің тілшісіне берген сұхбатында білдірген. Соны ықшамдап, оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
- Сіз Қазақстан эстрадасының жұлдызы Қайрат Нұртас туралы жағымсыз пікір айттыңыз...
- Мен тек оның әнші емес, орындаушы ғана екенін айттым. Ол ғана емес! Әр жерден бір жылтыңдап көрініп жүрген «саңлақтардың» бәрі тек орындаушылар. Бірер жыл бұрын оның (Қайрат Нұртас – ред.) Астанадағы стадионға шыққанын көрдім. Ол, әрине, әдемі погон тағып, көгілдір түсті бешпетімен шықты. Шынымды айтсам, музыканың даңғырлағанынан әнінің бір сөзін де түсіне алмадым. Мұндай орындаушылар уақыт өте келе сән болудан қалады.
- Десе де, Қазақстан эстрадасы Димаш Құдайбергенді ғана мақтан тұтпайтын шығар?
- Әлішер Кәрімов деген тараздық өзбек бар. Жақсы бала, дауысы да өте жақсы. Бірде одан «осындай дауыспен эстрадада неғып жүрсің?» деп сұрадым. Ол «әлі де үлгеремін ғой» деп, басын ала қашты... Жоқ, енді үлгермейді. Сол ортаға кіріп кетті. Енді одан құтылу оңай емес.
Жалпы, жақсы әншілердің көбі эстраданы ұнатады ғой. Мысалы, Роза Рымбаева. Қандай керемет дауыс! Бірақ классикаға барғысы келмеді. Нагима Есқалиева. Ол да кейде ән салғанда, жаның тебіреніп кетеді. Бірақ ол даңғазаны жақсы көретінін айтты. Сөйтіп, эстрадаға кетті.