Бигелді Ғабдуллин сот залынан босатылды

Судья айыпталушы Бигелді Ғабдуллиннің бұрын соңды сотты болмағанын, кәмелет жасына толмаған балаларын, тергеу кезінде кінәсін мойындап, қылмыстық істі ашуға көмектескенін, жәбірленуші тараптарға келтірген шығынды тергеу кезінде толық өтегені ескерілгенін айтып өтті. Сот шешімімен Бигелді Ғабдуллиннің мүлкі тәркіленбейтін болды. Бұған қоса, Бигелді Ғабдуллинге көпшілік орындарға баруына, мемлекеттік орындар мен жекеменшік ұйымдарда 10 жылға дейінгі мерзімде басшылық жасауына тыйым салынды.

Кеше соттың жарыссөз кезеңінде прокурор Әлібек Айтжанов Бигелді Ғабдуллинге "мемлекеттік органдар мен олардың басшыларынан ақша бопсалағаны" үшін айыпты деп тауып, бұрын сотталмағанын, кәмелетке толмаған балалары барын және тергеуге өз еркімен келгенін ескеріп 5 жылға бас бостандығын шектеуді сұраған. Прокурор Ғабдуллиннің Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстары, Астана қаласы әкімдігі және энергетика министрлігінен жиыны 22 миллион теңгеден астам қаржыны бопсалап алғанын мәлімдеген.

Ғабдуллиннің өзі жаріссөзде қылмысын "мойындап", ісіне "өкінетінін", қылмыстық жазадан босаса президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын жүзеге асыруға аянбай еңбек ететінін айтқан.