«Биліктелгілердің өзі «барондарға» бас шұлғып жүр ме?» - БАҚ-қа шолу

 Осы басылымның жазуынша, кеше Астанада өткен Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының 12-ші министрлер конференциясына Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов қатысты. Жыл сайынғы мұндай министрлер конференциясы Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастығының саясаты мен оның бағдарламасының стратегиялық бағыттарын айқындайды. Ал бағдарлама жалпы инфрақұрылымдар бойынша аймақтық жобаларды қаржыландыруға, аралық қызметті дамытудың негізгі міндеттерін шешуге арналған. Басылымның жазуынша, Премьер-Министр соңғы жеті жылда Қазақстан экономикасына 155 млрд. доллардан астам шет­елдік тікелей инвестиция­лар тартылғандығын айтып­ өтті. Сонымен қатар, С.Ах­ме­тов Қазақстанның Орта­лық Азия аймақтық экономи­ка­лық ынтымақтастығы бағдар­ла­масына қатысушы ретінде интеграцияның қажеттілігіне көз жеткізгенін, сондықтан тауарлар, қызметтер және жұ­мыс күштерінің еркін қимылын қамтамасыз ету қағидаларына негізделген Біртұтас эконо­микалық кеңістікті қалыптастыру үрдісіне белсенді түрде қа­тысатынын атап көрсетті. «Қазақстан Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдермен­ бірлесіп, басқа елдердегі сау­да әріптестерімен ынтымақ­тас­тықты кеңейтуге, өзара инвестициялар көлемін ұлғайту және БЭК ортақ рыногында қалыптасқан әлеуетті пайдалануға мүдделі», - деді С.Ахметов. Мақала «Азия аймағы - ынтымақтастық алаңы» деген тақырыппен берілген.

***

«Қайрат Мәми қазақстандық соттардың ағымдағы жылдың 9 айы бойынша жұмыс қорытындысына қысқаша тоқталып, сот жүйесіндегі кезек күттірмей шешуді талап ететін өзекті мәселелерге баса назар аударды», - деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Жергілікті соттардың жұмысын сынады» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми бейнеконференция байланысы арқылы облыстық және оған теңестірілген соттардың төрағаларымен және судьяларымен, судья әдебі жөніндегі өңірлік комиссиялардың жетекшілерімен, облыс орталықтары мен қала маңында орналасқан аудандық соттардың төрағаларымен жұмыс кеңесін өткізді. Қайрат Мәми қазақстандық соттардың ағымдағы жылдың 9 айы бойынша жұмыс қорытындысына қысқаша тоқталып, сот жүйесіндегі кезек күттірмей шешуді талап ететін өзекті мәселелерге баса назар аударды. Мысалы, ақтау үкімдері санының көбеюімен бірге елде күші жойылған және өзгерген сот актілерінің саны үздіксіз өсуде. Республика бойынша сот актілерінің орташа 9,5 пайызына шағым жасалып, әрбір екінші сот шешімінің күші жойылады. Тек ағымдағы жылдың 9 айында аудандық соттардың 1796 адамға қатысты үкімдері қате деп танылды. Бұл былтырғы жылға қарағанда 2 пайызға жоғары. Жергілікті соттардың 6 мыңға жуық шешімдерінің күші жойылған. Қадағалау және кассациялық сатыдағы соттар Алматы қаласы соттарының 45 шешімін, Астана қаласы соттарының 18 шешімін және Шығыс Қазақстан облысы соттарының 16 шешімін қалпына келтірді.

 Қазақстандықтар ішімдік ішуден әлем бойынша 34-орында. Халқының саны небәрі 17 млн-ды құрайтын елімізде сыра қайнататын орындарды қоспағанның өзінде алкоголь өнімдерін өндіретін зауыттардың өзі 205-ке жеткен. Зерттеушілердің мәліметіне қарағанда «ішкіш елдердің» 30-дығына еніп кетуіміздің бір себебі, арақ-шараптың оңай қолжетімділігінде жатыр. Сонымен бірге шайтан судың нарығындағы астыртын тасымал мен сатылымның өзі жалпы сауданың 30 пайызына дейін өсіп кеткен. Бұл жайында
«Айқын»
газетінің бүгінгі санындағы «Биліктелгілердің өзі «барондарға» бас шұлғып жүр ме?» деген тақырыптағы мақалада баяндалған. Басылымның жазуынша, аталған саладағы ең күрделі жайттың бірі-көлеңкелі сауда-саттық. Арақ-шарапты астыртын дайындап сөрелерді жайнатып тастайтындардың күрт өсуі, бөтелке бизнесінде мол табстың бар екендігін білдірсе керек. 2011-12 жылдар аралығында жалған өнім өндірумен шұғылданатындардың соңына түскен құзырлы органдар құқық бұзушылыққа жол берген 31 өндірушінің лицензиясын жойып, 15-ін уақытша тоқтатқан. Оларға жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге айыппұл салыпты. Ағымдағы тоғыз айда 891 мың дана бөтелке айналымнан алынып, оған иелік етушілерге 38 млн теңге айыппұл кесіп,  11 лицензияны шектепті. Заңсыз спирт саудасы АҚШ пен Швейцарияда 8-10 пайыз, экономикасы өтпелі елдерде 30-35 пайызды құраса, біздегі көрсеткіш 25 пайыздың төңірегінде.