Айтыстың атасы атанған Жүрсін Ерман ақындарға билікті сынама деп талап қоятынын мойындады. Сондай-ақ, ол мұның себебін де түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ryxyсайтына сілтеме жасап.
Журналист Жүрсін Ерманнан «Айтыстың алдында ақындарды жинап алып, билікті сынамаңдар деп айтатыныңыз рас па?» деп сұрады. Осы орайда ол «Рас» деп мұны мойындады. Айтуынша, бұлай талап қоюына себебі де жоқ емес.
«Айтыстың алдында бір күні бұрын жинап алып, қатысатын ақындармен түсінік жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені, қаншама ақпарат ағымының арнасында ақындар қоғамда қандай басты оқиғалар болып жатқанын, бүгінде елдің назары қай жаққа ауып отырғанын білмей қалуы мүмкін. Бірақ ананы сынама, мынаны сынама деген сөз жоқ. Рас, сын болуы керек. Бірақ сынның өзі сындарлы болуы керек», - дейді Жүрсін Ерман.
Әрі қарай ол сынның тек конструктивті болуы керегін айтты. Яғни сынадың ба, соған сай тығырықтан шығудың жолын да ұсынуың қажет.
«Құры «Ойбай, анау жаман, билік жаман» деген өтпейді. Билік сөйтпеді деп айта бергеннен ешкімнің көсегесі көгермейді. Міне осы тұрғыдан келгенде талаптар қойылатыны рас. Бірақ ешкімнің аузына қақпақ қойып, қолына кісен салып жатқан жоқпыз. Шын ақын, сахнаға шыққан кезде елдің күткен сөзін айтуы керек. Бұл үшін шеберлік қажет», - деді ол.
Мұнымен қатар, Жүрсін Ерман асүйде айтылатын өсек-аяң әңгіменің сахнаға шығуы ұят екенін жеткізді. Сондықтан сынның өзі тек шын болғанын ұнататынын жасырмады.