Министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде елімізде бір мыңнан астам жастар ұйымдары қызмет етуде, оның 11-і республикалық ұйымдар болып табылады.
«Бір жылда жастар жұмыссыздығы қысқарды. Алайда 16-29 жас аралығындағы 33,7 пайыз жұмыссыз жастар бар (17 мың адам). Халықты еңбекпен қамту органдарының қолдауымен «жастар тәжірибесінен» өтуге 1,5 мың білім беру ұйымдарының түлектері жіберілді», - деді А. Сәрінжіпов.
Парламент Мәжілісіне «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы енгізілгеніне тоқталған ол, «мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді», - деді ведомство басшысы.
Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленеді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Үш ауысыммен сабақ беретін және апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Оларды жергілікті атқарушы органдармен және жеке сектормен бірлесіп 5 жылдық мерзім ішінде жоюдың кезең-кезеңдік жоспары жүзеге асырылуда. Ағымдағы жылдың соңына дейін апатты мектептер картасы әзірленетін болады», - деді Г.Әбдіқалықова.
Вице-премьердің атап өтуінше, картада өңірлердегі барлық апатты мектептер және олардың жыл сайын жойылу мүмкіндігі анық көрсетілуі тиіс. Жалпы, ағымдағы жылдың 1 тамызында елімізде 176 апатты мектеп қалып отыр. Ал жыл басында олардың саны 180 мектеп болатын. Бұдан бөлек, жыл басында үш ауысыммен сабақ беретін 104 мектеп болса, 1 тамызда олардың 103-і қалды.
«2014-2016 жылдары 258 мектеп салу жоспарланған. Олардың 192-сі 141,3 млрд. теңге республикалық бюджет қаржысы есебінен салынады», - деді ол.
Бүгінде Қазақстандағы 9148 мектепке дейінгі ұйымдарда 700 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті..
«Өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдардың саны 1990 жылдағы рекордтық көлемнен асып түсті. Ол кезде елімізде 8881 ұйым болған еді. Биылғы жылы біз бұл белестен асып түсіп, олардың саны 9148-ге жетті. Бүгінде бұл ұйымдарда 700 мыңнан астам (709,4 мың) бала тәлім алуда», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы мектепке дейінгі ұйымдардың желісі 384-ке артты.
«Алайда бұл өсімнің негізгі үлесі шағын-орталықтардың ашылуымен қамтамасыз етілді. Олар әзірге мектепке дейінгі білімнің барлық мақсаттарын шешпей отыр», - деп тоқталды ведомство басшысы.
3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту көлемі бүгінде 73 пайызды құрап отыр. «Бұл жаман көрсеткіш емес. Осы орайда мектепке дейінгі біліммен қамту көлемі бойынша Қазақстан Австралия, Канада, Франция, Польша, Швейцария және Түркия секілді мемлекеттермен бір деңгейде тұр», - деп түйді ол.
Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарды оқу-әдістемелік материалдармен жабдықтау заңмен реттелетін болады.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Ауылдық жерлерде білім беруді дамытуға, тірек ауылдарда интернаттарды қайта құру арқылы шағын жиынтықты мектептердің материалдық-техникалық базасын және кадрлық құрамын нығайтуға ерекше назар аудару қажет», - деді ол.
Сондай-ақ вице-премьер мектепке дейінгі білім берудің оқу бағдарламасы, педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесі жаңартылу үстінде екендігін атап өтті.
«Мектепке дейінгі ұйымдарды жергілікті деңгейде оқу-әдістемелік материалдармен жабдықтау мәселесін заңмен реттеу жоспарлануда. Заң жобасы 2014 жылдың құыркүйегінде Парламентке енгізіледі», - деді Г.Әбдіқалықова.
2016 жылы Қазақстанда біліктілігін арттырған ұстаздар саны 73 мыңнан асып жығылатын болады. «Педагогтерді кәсіби тұрғыда дамыту үшін біліктілік арттыру орталықтары құрылды. Педагог кадрларды дайындау және біліктіліктерін артыру жүйесі жетілдірілді. Кембридж университетімен бірлесіп, біліктілік арттырудың 3 деңгейлі жүйесі енгізілді», - деді Г.Әбдіқалықова.
Вице-премьердің атап өтуінше, 2012-2014 жылдар аралығына 150 мың адам қысқа мерзімді курстан, 39 мың адам үш айлық курстан өткен. Соның нәтижесінде аталған ұстаздардың жалақылары 30-дан 100 пайызға дейін өскен.
«2014 жылдың соңына дейін - 9 770, 2015 жылы - 16 592, 2016 жылы - 16 590 педагогті оқыту жоспарлануда. Нәтижесінде 2016 жылы 73 123 оқытушы білім алады», - деді ол.
2020 жылға дейін 4 мыңнан астам балабақша ашылады. Бұл туралы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«2020 жылға дейін қосымша 4 мыңнан астам мектепке дейінгі жаңа ұйымдар ашылып, осы орайда жарты миллионннан астам жаңа орындар қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде 3-6 жас аралығындағы барлық балалар мектепке дейінгі біліммен қамтылады және олардың саны 1 миллионнан асып түседі», - деді А.Сәрінжіпов.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі кезде балаларды ерте жастан дамытуда отбасылар тарапынан жоғары қажеттілік байқалуда. Республикада 1-3 жас аралығындағы бүлдіршіндер 600 мыңға жуық және олар қамту деңгейі 16 пайызды құрап отыр. Тек 2013 жылы халықтың мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру қызметтеріне қажеттілігі 13 пайызға артты.
Биыл ҰБТ-да ауылдық мектептердің орташа балы 1,9 баллға өсті.
Бұл туралы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Стратегиялық маңызды бағыттардың бірі орта білімнің сапасын арттыруға байланысты. 2014 жылы ҰБТ-ның орташа баллы қалалық мектептерде 2,5 баллға, ал ауылдық қатысушылар арасында 1,9 баллға өсті. Алайда ауылдық мектептер түлектерінің орташа баллы қалалықтардан 9,4 пайызға төмен күйінде сақталуда. Осы орайда қала мен ауыл арасындағы алшақтық бізді алаңдатып отыр және бұл біздің басымдықты мақсаттардың бірі болып табылады», - А.Сәрінжіпов.
Оның сөзіне қарағанда, ҰБТ кезінде Алматы мен Астананың түлектері ең табысты нәтижеге қол жеткізді. Белгілі болғандай, жеті облыста ҰБТ-ның баллдары республика бойынша орта көрсеткіштен төмен болды.
Жаңа оқу жылында 2 мың студент еңбек күші жеткіліксіз аймақтардағы 7 ЖОО мен 24 колледжде білім ала бастайды. Бұл туралы Гүлшара Әбдіқалықова айтты.
«Индустрияландыру үшін кадрларды дайындау жүйесі жетілдірілуде. Барынша талап етілетін 20 мамандық айқындалған. Үкімет кадрларды дайындау бойынша 10 ЖОО мен 10 колледж белгіледі. Олар дамудың дербес бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін болады», - деді вице-премьер.
Оның атап өтуінше, өңірлердегі мамандықтардың қажеттілігін ескере отырып білім беру гранттарын қайта бөлумен байланысты ахуалды ретке келтіру жұмыстары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде. Жұмыс күші мол аймақтардың жастарын оқыту үшін жаңа ынталандыру тетіктері қарастырылған.
«Жаңа оқу жылында 2 мың студент еңбек күші жеткіліксіз аймақтардағы 7 ЖОО мен 24 колледжде білім ала бастайды. Бұған қоса, колледждердің өндірістік өнеркәсіптермен серіктестік картасын одан ары айтарлықтай кеңейтіп, дуальды білім беру қағидаттарын кеңінен қолдану қажет», - деді Г.Әбдіқалықова.
Апатты мектептің басым бөлігі ОҚО мен ШҚО-да. Бұл туралы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
"Мектеп инфрақұрылымын дамыту бағытында 2013 жылы республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жобалық қуаттылығы 43 мың орынға арналған 124 жалпы білім беру мектептері іске қосылды. Алайда республикада бүгінде 176 апатты жағдайдағы мектептер бар", - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, ескі мектептердің көбісі ОҚО-да (48), ШҚО-да (36), Қызылорда облысында (25), Жамбыл облысында (21), Атырау облысында (17) тіркелген. Атап айтқанда, оқушылар орындарының тапшылығы 70 мыңды құрап отыр.
2018 жылға қарай елімізде жұмысшы мамандықтары барынша тапшы бола түспек. Бұл туралы бүгін білім беру қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Дәулет Арғандықов мәлім етті.
«Бағалауларға сәйкес 2018 жылға дейін техникалық және кәсіби білім берудің жұмысшы мамандықтары барынша тапшы болмақ. Барынша талап етілетін 20 кәсіптің жартысынан көбіне тау-кен жұмысшысы, құрылысшы, жүргізуші, механик сынды мамандықтар жатады», - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, 2014-2018 жылдары аралығындағы жұмысшы күшіне сұраныстың жалпы жиынтық саны шамамен 700 мың адамды құрамақ.
«Бұған қоса, экономикалық тұрғыда белсенді халық санының өсімі 400 мың адамнан асып жығылады», - деді Д.Арғандықов.
Қазақстанда жұмысшы мамандықтары бойынша колледжке түсу кезіндегі конкурс жойылады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Техникалық және кәсіптік білім беруді кепілдендірудің қағидаттары айқындалды. Онда жұмысшы мамандықтары бойынша колледжге түсу кезіндегі конкурсты жою, бұл мақсаттарға жастарды қамтуды арттыру және мемлекеттік тапсырысты көбейту қарастырылған. Жұмыс 2017 жылға дейін кезең-кезеңмен жүргізіледі. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде Парламентке енгізу жоспарланған заң жобасында аталған мәселелерді реттеу қарастырылған», - деді Г.Әбдіқалықова.