Білім биігінде - ұстаздардың ұлы еңбегі тұр

Осындай ұлағатты ұстаз, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кенті, Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Тәжібаев Жасұлан Жұматайұлы Caravan.kz медиа порталына берген сұхбатында ұстаздың беделі мен оны жас ұрпақ арасында насихаттау жөнінде тоқталды.

- Жасұлан мырза, өзіңіз қаншама жылдар бойы ұстаздық қызметті атқарып келесіз. Ұстаз деген ұлы есім деп айтамыз. Шәкірт пен ұстаздың арасындағы байланысқа тоқталып өтсеңіз...

- Ұстаздар - тыншымайтын еңбеккерлер,

Жемісті жерге емес, елге еккендер.

Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,

Зердесін болашақтың зерлі еткендер, - деп ақын ағаларымыз жырлағандай, «Өз бақытын, өзгеге сарп еткен» бүгінгі білім саласының қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Әр ұстаз бала бойындағы қабілеттерді ашушы тұлға, білімге деген құштарлығын оятатын жан. Білім берудің жаңа үлгісін бүгінгі ұрпаққа насихаттаушы ол біздің әріптестеріміз. Ұстаздарға жүктелген міндет қай заманнан да жоғары екендігі мәлім. Ата-ананың үміті, еліміздің болашағы дұрыс қалыптасуына, өз елін сүйетін патриот болуына, өмірдің әр сәтінен ләззат ала білетін, ойы мен бойы толысқан тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік тудыратын ерекше жан. Әр мектеп – бір әлем дегендей, білім сапасы мен берілетін негізгі тәрбие құндылықтарының және білім берудің жаңа бағыттарының қалыптасуы  білім беру саласындағы іс-шараларды ақпараттық қамтамасыз ету. Сонымен қатар, түсіндіру арқылы қоғамда үлкен насихат пен тәрбиелеудің жаңа үлгісі деп ойлаймын. Мен Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Төретам кентінде орналасқан Жанқожа батыр атындағы №269 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.

- Осы тұрғыда шәкірттердің кітап оқу және білімге ұмтылу мәдениетін насихаттауда қандай жұмыстар атқарып келесіздер?

Өзім осы жоғарыда аталған орта мектепте ұстаз болдым. Одан кейінгі жылдан бері мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келемін.

Жалпы, мектебіміз «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынып, 2013 жылы қолданысқа берілді. Міне, биыл 10 жыл уақыт болды. 10 жылда қанша шәкірт жаңа өмірге бағыттап, қанаттарын қатайтып шығарып салдық. Әр жылдың өзіндік ерекшелігімен ата-ана, оқушы, ұстаздар есінде қаларлықтай тарих куәсі болуда. Биылғы 2023-2024 оқу жылының өзінде мектебіміздің жеткен жетістіктері көңіл қуантарлық, атап айтар болсам, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министірінің қолдауымен өткізілген алғаш рет ауыл балаларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиаданың Республикалық кезеңнен жүлделі орындарды бағындырды.

Осы олипиаданың облыстық кезеңінен 14 оқушымыз жүлделі орындарға ие болды. Әр оқушының қабілетін анықтап , зерттеу жұмыстары жүргізілгенде үлкен нәтижеге қол жеткізеріміз анық.  

Мектебімізде қазақ тілінде білім мен тәрбие беріледі. Қазақстан Республикасының тіл саясаты заңдылығы аясында білім алушылардың тілге жатық, әдеби тілде сөйлеу, ойын еркін жеткізу дағдыларын қалыптастыру мақсатында түрлі ақпараттық шаралар ұйымдастырылып жүргізіледі. Мәнерлеп оқу орталықтары, жас ақындар үйірмесі, театр жобалары, үш тілді бағыттаушы орталықтар жүйелі жұмыстар жүргізуде. Мектебімізде бес жүзден астам шәкіртіміз болса, үйірме құрамына 380 оқушы қамтылған. Оқушылармыздың бұл бағыттар бойынша жеткен жетістіктеріде аз емес.

«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп кітапханашыларының жұмысын мақтанышпен айтуға болады.білім алушылардың кітап оқуға деген бағыттарын осы жоба аясында дамытып отырамыз. Әр оқушы апта көлемінде қызығушылықтары бойынша «оқыған бір кітап» жобасы бойынша оқыған кітаптарына түсіндірме жұмыстарын жүргізу арқылы іске асырады. Оқушылардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, кітап құдыретін ұғындыру мақсатында жүргізілетін жұмыстар сапалы жүргізілсе өз нәтижесін береді.

- Жас ұрпақ арасында ұстаздық кәсіпті насихаттау бойынша айтар пікіріңіз...

- Сұрағыңыз өте орынды. Ұстаз – ұлы тұлға. Ұстаздық кәсіпті насихаттау үшін, ұстаз барлық тұрғыдан сол ұлы сөзіне сай болатын тұлғалықты көрсете білу, болмысымен насихаттай білу деп білемін. Бұл тұрғыда елімізде ұстаз қауымы үшін өте үлкен мүмкіндіктер ашқаны баршамызға аян. Ұстаз тек жоғарғы оқу орнын бітіріп, шәкіртке білім бергенімен шектелмеген. Барлық қалалар мен аудандарда, елді-мекендердегі ұстаздарды қамтып, түрлі оқу бағдарламаларын жасап қойғаны бізді қатты қуантады. Білімді шыңдаудың түрлі әдіс-тәсілдерімен, бағыт-бағдар беріп қойған. Елімізде көптеген орталықтар бар, түрлі жаңашылдықтар кезең сайын өзгертіліп, түрлендіріп отырады.

Бүгінгі таңда ұстаздар беделі қоғамда алғашқы орында тұрған мәселе. Ата-ана, оқушы, мектеп педагогтары арасында тығыз байланыс орнағанда мектептің білім беру бағытындағы жұмыстары жүйелі болары анық. 2019 жылдың 27 желтоқсан күні қабылданған заң аясында «Педагог мәртебесі» айқын көрсетілген. Педагог - өзін педагог ретінде ұстағанда ұстаздар беделі артары анық.

Ұстаздықты сый еткен өміріне,

Қиын бірақ оны алып жүруі де.

Өмір жолын ұстаздыққа арнаған,

Талай мықты ұстаздар бар мектепте.

Ұстаз – қашан да ұстаз. Мектеп ұстаздарының беделі өз шығармашылығының, еңбегінің нәтижесі арқылы көтеріледі. Әр ұстаз өз мамандығын сүйіп жұмыс жасап нәтиже берсе, бедел деген оқушы алдындағы білімді ұстаз бейнесі. Бүгінгі жас мамандарға жетіспейтін кемшілік бала алдындағы жауапкершілікті сезіну, өз шығармашылығын жан-жақты дамыту арқылы қол жеткізу. Кешегі біздің оқытқан шәкірттеріміз, ұстаз болып қалыптасып жатыр.Әр жас маманға мектеп әкімшілігі мен тәжірибелі мамандардың кеңес беруінің нәтижесі арқылы жас мамандар мықты ұстаз боларына кәміл сенемін.

Барша әріптестеріме шығармашылық шыңдалу, мықты шәкірт пен денсаулық тілеймін. Әр жұмыстарыңыз елеулі болып еліміздің дамып өркендеуіне қосар үлестеріңіз зор болсын. Бүгінгі шәкірт ертеңгі болашақтың іргесі болып қаланары анық, сол шәкірттеріміздің болашағы жарқын болсын!