Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды.
Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру және педагогтерді қолдау жөнінде тапсырма берді. Бұл шешімнің нақты негіздері бар екенін айтты.
"Біз жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес. ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны қазірдің өзінде көтеруді бастады", - деп жазды ол.
Министр қалған мемлекеттік ЖОО тапсырманы міндетті түрде орындаулары тиіс екенін атап өтті.
"Сонымен қатар, ректорлардың алдына біздің ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақылар белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылды. Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігерді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктердің шеңберінде", - деді министр.
Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарастырылатын болады.