Білім министрі 12 жылдық білім берудің тоқтатылатынын мойындады

Елімізде  талай дау туғызған 12 жылдық білім берудің ақыры берекесі қашты. Бұған биыл күзде ұл-қызы 6 жастан 1 сыныпқа мәжбүрлі түрде  баратын ата-аналар ғана  қуанып отырғандай. Себебі жаңа жүйеге  ауысу 1 қыркүйектен бастап іске асырылуы тиіс еді. Енді  ата-аналар мен депутаттардың сынынан кейін ешқандай 12 жылдық деген әңгіме болмауы керек. Орта білім беру 11 жылдықпен қала береді. Бірақ, әзірше ғана.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

-Парламенттен жобаны тоқтата тұрсақ деген ұсыныс түсті. Біз әрине, мүлдем тоқтатамыз деп айтпайыз. 12 жылдық білім моделін қазіргі 11 жылға қосамыз.

Осылай деп ашығын айтқан еліміздің  бас  мұғалімі бұл амалсыздан қабылданған шешім деп отыр.Өйткені 12 жылдыққа көшуге   бюджеттен қыруар қаржы керек екен.  Ал бұндай ақша қазынадан табылмай қалыпты. Оның үстіне елдегі білім ошақтары да  сын көтермейді. Құлағалы тұрған білім ордаларының орнына әлі 149 мектеп салу қажет.  Бұдан бөлек, ұстаздар мен оқулықтардың тапшылығы тағы бар.

Математика  пәнінің мұғалімі Сәулеш Мұқанова, 15 жылдан бері 12 жылдыққа көшуді армандап жүргендердің бірі. Реформа  кейінге қалғанымен оның қалай да жүзеге асарына сенімді.


Сәулеш Мұқанова, 12 жылдық білім беруді дамыту орталығының алғашқы жетекшісі:

-Енді қанша еңбекті жоқ қылып, тоқтатып тастауға болмайды. Қаншама мұғалімді әзірледік, кітаптарды жаңалап едік. Сонда бәрі босқа кете ме? Бұл Батыс елдерінде бар тәжірбие. Әрине  тым қымбат жоба. Бірақ бас тартпауымыз керек.

Бұл бастаманы жақтаушылар табылғанымен олардың айтқаны ештеңені  шешпейді. Себебі  уақытша тоқтатылған 12 жылдық   білім беру  енді біразға дейін тұралайтын түрі бар. Осымен,  баланы мектепке 6 жастан қабылдау керек деген даулы ұсынысқа да соңғы нүкте қойылған секілді.

Loading...