Білім министрі ғылымды қаржыландыру көлемін Жалпы ішкі өнімнің 1,5- 2 процентіне дейін жеткізу қажет деп санайды

“Ғылымды қаржыландыру көлемін дүниежүзіндегі дамушы елдердің басым бөлігіне тән Жалпы ішкі өнімнің 1,5- 2 процентіне дейін жеткізу – Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді”,- деді министр. Оның айтуынша, 2000-жылдан бері Қазақстанда “ғылымды қаржыландыру көлемінің ұлғая түсу ағымы байқалып отыр. Ғылым саласына жұмсалатын шығын көлемі Жалпы ішкі өнімге шаққанда 2000-жылғы 0,08 проценттен 2006-жылы 0,26 процентке дейін ұлғайды”,- деді Б.Әйтімова.

“Сарапшылардың пікірінше, 5-7 жыл бойына ғылыми зерттеулерге жұмсалған шығындар Жалпы ішкі өнімнің 1 процентінен аспай келген жағдайда елдің ғылыми-техникалық әлеуеті біржола күйреуі мүмкін”, деді Б.Әйтімова. Оның айтуынша, Жапония мен Финляндияда ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын Жалпы ішкі өнімнің 2,2 процентін құраса, АҚШ-та 2,7, Оңтүстік Кореяда 2,6 процентті құрайды екен.