2016 жылғы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші - 81,2 баллды құрап отыр. Бұл туралы бүгін ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Бөлебаева айтты, деп хабарлайды Казинформ.
«13 жыл ішінде ҰБТ-ға 1 миллион 587 мың мектеп бітіруші қатысты. Биылғы ҰБТ 165 пунктте өтті. Ағымдағы жылғы 121 мың бітірушінің ішінде ҰБТ-ға қатысуға 87 мың түлек өтініш берген. Оның ішінде қазақ тілінде - 83 330, 23 984 бала - орыс тілінде оқығандар. Тестілеуге 84 079 мектеп бітіруші қатысты. Бірнеше рет тәртіп бұзған 38 түлек тестілеуден шығарылды және нәтижелері жойылды. Тестілеу барысында шекті 50 баллды 14 252 түлек жинай алмады. 52 982 баладан тыйым салынған заттар табылды. Жалпы ҰБТ ұйымдасқан деңгейде өтті. Биылғы орташа балл - 81,2 балл. 2015 жылы 79,4 балл болған еді», - деп атап өтті ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның мәліметтері бойынша, ең жоғары 125 баллды биыл 19 бала жинады. 2015 жылы 5 мектеп түлегі ғана жинаған болатын. 100 баллдан астам жинаған балалар саны - 16 565.
«Республикалық аппеляциялық комиссияға тест тапсырмаларының мазмұны бойынша 547 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 141-і қанағаттандырылды. Ағымдағы жылы шекті деңгейден өте алмаған түлектер ЖОО-ның ақылы бөліміне түсу үшін, қайта кешенді тестілеуден өтуге құқылы. Аталған тестілеу түріне қатысу үшін өтініштерді қабылдауды ЖОО қабылдау комиссиялары 1-і мен 8 тамыз аралығында жүзеге асырады. Тестілеу 19 - 24 тамыз аралығында өткізіледі», - деп түйді сөзін комитет төрағасының орынбасары.