Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, жоғары оқу орындарына түсуші жекелеген мектеп түлектерінің құқығын шектейтін жайттарды жою жөнінде бас прокуратурадан министрлікке өтініш түсуге байланысты осындай шешім қабылданған.
Прокуратурадағылардың айтуынша, мәселе бірыңғай ұлттық тестілеуге қатысудан босатылатын мектеп түлектеріне байланысты болып отыр. Заңға сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадаларға қатысушылар аталмыш тестіден босатылуға тиіс.
Бірыңғай ұлттық тестілеу қорытындысы бойынша берілген сертификаттағы балл негізінде жоғары оқу орнына қабылдау тәртібі заңда белгіленгеніне қарамастан, онда халықаралық олимпиадаларға қатысушыларға сертификатты қалай беру жайы қарастырылмаған. Осыған байланысты олардың балл санын республикалық комиссия орта мектептегі пән бойынша қорытынды бағасы мен арнаулы шкаланың негізінде анықтайды.
Алайда, тексеру нәтижесінде мәлім болғанындай, жылдық бағаны бірыңғай ұлттық тестілеу сертификатындағы балға көшіру тетігі заңнамада қарастырылмаумен бірге, талапкерлердің құқығын шектеуге түрткі болуда. Өйткені, ең төмен және ең жоғары көрсеткіштерді қамтитын шкала іс жүзінде орташа балды түрліше есептеуге мүмкіндік береді.
Осыған байланысты Бас прокуратура ҚР білім және ғылым министрлігіне сауал жолдады. Ал мекеме өз кезегінде "Білім туралы" заңға өзгерістер енгізіп, халықаралық олимпиадаларға қатысушыларға жоғары оқу орнына түсетін сертификат беру тәртібін реттеуге уәде берді.