«ҚазАқпарат» ХАА-нің ресми сауалына қатысты берген жауабында ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында, тиісті үлгідегі білім беру ұйымдарының қызметі туралы үлгілік ережелер мен білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген шектерде оқу және тәрбие процесін жүзеге асыруда, кадрларды іріктеу мен орналастыруда, ғылыми, қаржы-шаруашылық және өзге де қызметте дербес болатындығын атап өтті.
Министрліктің жазуынша, смартфондарға тыйым салуға қатысты шешімді оқушылардың ата-аналары бірлесіп шеше алады.
«Білім беру ұйымдарының құзыретіне ішкі тәртіп ережелерін әзірлеу және бекіту функциялары кіреді. Осылайша, ата-аналар кеңесінде смартфондарды мектепте қолдануға тыйым салуға қатысты мәселені талқылап, барлық пікірлерді саралай отырып, осы мәселені ішкі тәртіп пен ұйым жарғысына ортақ ұйғарымды енгізу арқылы шешуге болады», - делінген хабарламада.
Дегенмен, Білім және ғылым министрлігі аталған персоналды компьютердің қызметін атқаратын мұндай гаджеттердің білім қууға қажет пайдалы функциялары: электронды поштамен жұмыс, мәтіндік және электронды құжаттарды қарау мүмкіндігі барын да тілге тиек етті.
«ҚазАқпаратқа» хабарлағанындай, смартфондарды мектептерде қолдануға қатысты тыйымды енгізу туралы мәселе қарастырылмаған.
Еске сала кетсек, Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдрахимов мектептерде оқу жылында оқушылардың смартфон қолдануына тыйым салуды тапсырған болатын.
Мұндай ұсынысты Қостанай және Қызылорда облысының прокурорлары да жасады.
Прокурорлар смартфондарды қолдану білім беру процесіне кері әсерін тигізеді деп есептеп отыр.
Сонымен қатар, балалардың өміріне де қауіп төндіреді.
Қызылорда облысында прокуратура қызметкерлері «ВКонтакте» желісін тексеру барысында өзіне қол жұмсауды үгіттейтін парақшаларға 106 жеткіншек қатысандығын анықтаған. Мобильді байланыстың кері әсерімен қатар, мектеп қабырғасында қымбат телефондардың ұрлығы да өршіп тұр. Негізінен, мектептерде орын алатын қылмыстардың 65 пайызына ұялы телефон себеп болатын көрінеді.