Білім министрлігі Шаяхметовтің жегенін бюджетке қайтармақ


Ілияс Рамазанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі:

–Құрылыс барысында тапсырыс беруші мен мердігер мекеме арасында 11 акт жасалған екен. Осы құжатқа сәйкес, мердігер компания 1 млрд 153 млн 779 мың теңгені жоқ қылып жіберген. Мұны есеп-қисапқа тексеріс жүргізген тиісті органдар дәлелдеп бере алады. Сондықтан қаржыны өндіріп алу жөнінде шағым түсіріп отырмыз.

1 миллиард теңге – Шаяхметовтың құрылыс компанияларының басшыларымен бірігіп жеген ақшасы. Енді оны сол 3  сыбайласымен бірге бюджетке қайтаруы тиіс. Әрине, бұл мәлімдеме, шатылып жатқандардың адвокаттарына ұнаған жоқ. Тіпті сотқа дейін сүйреген Өскемендегі нысанды министрліктен ешкім барып көрмеді деп шүйлікті. Ал процесске үйінен келіп қатысып жүрген Шаяхметов бұрынғы жұмыс орны талап етіп отырған сомаға қатысты жұмған аузын ашқан жоқ. Сыбайластары да үнсіз құтылды. Қаржы полициясының мәліметіне сүйенсек, Өскемендегі болашақ инженерлерді әзірлейтін 400 орындық мектепті салуға бөлінген 3 миллиард теңгенің тең жартысын айыпталушылар қылдай бөліп алған. Алайда олардың біреуі де кінәсін мойындап отырған жоқ.