Бильярд: «Құрастырмалы пирамида» түрінен Әлем чемпионатында астаналық спортшы 10-шы орынды еншіледі

6 ақпан күні басталған бұл дүбірлі додаға 17 елден 62 спортшы қатысқан болатын. Аса тартысты бәсекеде Қазақстан құрамасынан астаналық Қуаныш Абпасов -10-шы, алматылық Қаныбек Сағындықов -12-ші, Ернар Шымбаев - 20-шы, Эмиль Мударисов - 28-ші, Әлихан Қаранеев - 33-ші, тараздық Максим Пан 40-шы орынды қанағат тұтты.

Қазіргі сәтте ресейлік Винторо Локтев пен украиналық Ярослав Тарновецкий Әлем чемпионы атағына таласуда. Ал жарысты ерте аяқтаған Қуаныш украиналық Павел Радионов пен қытайлық Эдуард Дифуды 6:2 етіп ұтқанымен, 9-16 орын үшін болған сында чемпионатта үздік бестіктің қатарына енген ресейлік Александр Банныйға 4:6 есебімен есе жіберді. Қаныбек алғашқы сында молдовалық Цезарь Маноиланы (6:2), ал 7-12 орын үшін болған сайыста өз жерлесі Ернар Шымбаевты (6:4) жеңіп, 9-16 орынға талас кезінде үздік үштікті түйіндеген украиналық Александрь Паламардан 2:6 есебімен сүрінді. Ал Ернар алғашқы сында әзірбайжандық Сейхун Агаевты 6:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Эмиль молдовалық Владимир Рейсті (6:4) жеңгенімен, чемпионатта 4-ші орын алған ресейлік Никита Ливадаға (2:6) ұтылды. Әлихан беларус Олег Речицке 5:6, Пан қырғызстандық Зайлан Адамовқа 3:6 боп есе жіберді.