Отандық эстраданың бүгінгі таңдағы атасына айналған, әрине, Ескендір Хасанғалиев. Өткен ғасырдың ортасынан асқан шақтан бастап, хитке айналған әндері әлі күнге жиын-кештің сәнін кіргізуде.
Ал болашаққа қазақ көрерменінің айызын қандыратын Ескендір әндерінің жеткізушісі – Біржан Хасанғалиев. Ес кіріп, ел танығанынан қасынан қалдырмады. Бәйге атындай баптады. Дуэт айтып, үлкен сахнаға алып шықты. Шоу-бизде пайданың қайдан келетінін түсінген Біржан продюсерлікпен де айналысып жүр.
Қолдарынан қара домбыралары, үстерінен шапан, комзолдары түспейтін Құдайбергеновтер жұбын ел ертеден таныды. Облыстық оркестр құрамында да өнер көрсетті.
Ал бұл күні, атақты әулеттен жастарға жақыны - Ерболат. Ол тіпті сахнаға қырық жыл ерте келген әке-шешесінің танымалдылығынан да асып түсті. Қазақ жігіттерін арыстанға, қабыланға теңеді. «Гангам стайл» деп ән салып, билейді.
Тегі Құдайбергенов деп келетін Қайрат та өнерден құр алақан емес. Қанаттың бауыры кино саласында еңбек етеді.
Желке шашын желбіретіп, гитарасын сабалап өз тыңдарманын жинаған Ұлықпан әулетінен де өнерпаздар шығуда.
Ұлы Болат «Бастау» деп топ құрып, жеті ішекті аспаптың құлағында ойнайды. «Мұзартпен» қосылып ән салатын, бүлдіршін Фарида бұл күнде бой жетіп, түрлі жобаларда бақ сынап жүр.
Дәрібаевтар отбасылық ансамблін аталмыш тізімге ендіре аламыз ба? Ертеде аталған әншілер бір әулеттен болғанымен, бірге ән айтпайды. Дәрібаевтар сахнада бірін-бірі толықтырып тұрады. Дегенмен өткен ғасырдың 80-жылдары белес алып, құрдымға кеткен отбасылық ансамбль дәстүрін жалғастырып келе жатқандары һақ. Тарап кетпеді. Танылды. Тарихта қалды.
Роза Рымбаеваның қос ұлы кішкентайынан халық назарында болды. Гастрөлден де, концерттен де қалмады. Сахнада өсті. Солай бола тұра, әнші болмаулары мүмкін емес еді. Әли Оқаповтың «Еуразия Мюзик Эвордс» жарысында екі жыл қатарынан «Үздік ер әнші» номинациясын жеңіп алғанын айтсақ, бар сөзімізге дәлел. Түрлі концерттерге атақты анасынан жиі шақырту алады. Бейнебаяндары бірінің ізін бірі ала жарық көруде.
Біз бір отбасыдан, әулеттен шыққан ең көп әншілерді тізімдедік. Ұлтымыздың сахна өнерпаздарының бойына дарыған қасиеті ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып, ел өнерін дамыта берсін демекпіз!