Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Талғардағы жасөспірімнің өлімі қоғамдық резонанс тудырды. Бір бөтелке сыра адам өмірінің құны болды. Төбелесте қаза болған 16 жастағы Шерзаттың әкесі Бас прокурор Берік Асыловқа үндеу жасады.
«Мен Бас прокурор Берік Ноғайұлына тікелей үндеу айтқым келеді. Талғардағы төбелесте қаза тапқан Шерзат Болаттың әкесімін. Талғар әкімдігі, прокуратурасы мен ішкі істер департаментінің басшысы ешқандай әрекет жасамай отыр. Қылмысты бұрмалап отыр. Менің марқұм болған баламның аты-жөнін де білмейді. Қал-жағдайымызды сұрауға да шамалары жетпей тұр. Түнде бізді тергеуге шақырып, өзімізді қорқытып, арыз жаздыртып отыр. Сізден сұрайтыным: ашық сот болуын талап етемін. Өлетін балам өлді, мені де алсын, мені де қамасын, бірақ әділ шешім үшін ашық сот болсын», - дейді Шерзаттың әкесі.