Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында орын алған соңғы оқиғаларға байланысты еліміздің бірқатар өнер адамдары өз пікірлерін білдіруде. Солардың бірі танымал айтыскер ақын Аманжол Әлтай да өз ойын әлеуметтік желіге жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Тәуелсіздіктің тұғыры -- Ел бірлігі!
Мемлекеттің іргесі берік болуы үшін ішкі кернеуі сетінемеуі маңызды.
Бір-бірімізді қараламай, алаланбай, мемлекеттік мүдде, ұлтық мұрат жолында тізе біріктіріп, ортақ мақсатқа қадам басуға тиіспіз.
Өз заманында өзегі өртеніп, тамыры солқылдап, қабырғасы сырқырап отырып "Біріңді, қазақ, бірің дос
Көрмесең істің бәрі бос "-деген Абай атамыздың терең мәні бар сөзін жүрегімізден шығармағанда ғана мұратымыз баянды болмақ.
Осы ұстанымды негізге ала отырып төмендегі ойларымды ортаға салғым келеді. ☝️
-Бүгінгі қоғамда зиялы қауым өкілдерінің ықпалы, ел алдындағы беделі төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Ол үшін зиялы қауым өкілдерінің өз ұстанымы, пікірі, ұсыныстары болуы тиіс.
Зиялы қауым өкілдері биліктің де сойылын соқпауы,оппозициялық топтардың да соңынан еріп кетпеуі керек. Қоғамның барометрі секілді биліктің оң істерін де, кемшіліктерін де әділ сөйлеп айтып отырғаны жөн.
Сосын,бір соғым берген,немесе кітәбын шығарып берген әкімді "Заманның заңғар қайраткері "-деп асыра мадақтағанды тоқтатайық!
Жуырда ғана жемқорлығы үшін қамауға алынған бір басшының артынан отыз жазушы жер-көкке сыйғызбай мақтап, Президенттің атына хат жолдапты. Бұл жақсы әдет емес!
Зиялы қауым өкілдерімен билік санасуы тиіс, ақылдасуы керек.
Науқан кезінде ғана сайратып қою үшін пайдаланбағаны абзал.
Ол үшін зиялы қауым өздері де ақылдасуға, құрметтеуге,ойын тыңдауға лайық болғанын қалаймын.
Ел тағдыры сынға түскен сәттерде бұғып қалмай, жалтақтамай,ойын еркін айтып отыруы қажет.
Кешегі Қазыбек би, Бұқар жырау бабаларымыздың ұстанымы -- біздің де жолымыз.Әлихан,Ахмет,аталарымыздың мақсатын жалғастыру -- бүгінгі зиялы көштің басты парызы.☝️
Жаңа президент ұлықталды, қызу тартысқа толы сайлау науқаны артта қалды.
Ел тыныштығы мен тұтастығы бәрінен қымбат. Сыртқы күштердің арандатуына ұрынып қалмайық.
Ендігі жерде билік өкілдері сайлауға байланысты рұқсатсыз көшеге шыққаны үшін қамауға алынған жастарды босатуын сұраймын. Абақтыға қамау халықты басқарудағы биліктің негізгі тәсілі болмауы тиіс. Бұл тәсіл елдің ашу-ызасын одан сайын ушықтыра түседі.Жастар жүрегіндегі сенімді қорқытып емес,түсіндіріп,ішкі ойын тыңдай отырып орнықтырыңыздар.
Олар біздің -- болашағымыз,ұлттық мұратымыздың мұрагерлері!
Ел аман болсын! деп аяқтады Аманжол Әлта өз жазбасын.
Еске салсақ, еліміздің Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында наразалық шерулері өткен болатын.