Бір жыл өтсе де қорықшыны өлтіргендер неге сотталмауда?

Тура бір жыл бұрын Қарағанды облысында «Охотзоопром» қорықшылары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкқа браконьерлер шабуыл жасап, алғашқысы көз жұмған еді. Сұмдық жайтқа қатысы барлар төрт күнде қолға түссе де, бір жылда сот әлі де олардан жауап алмапты. Марқұмның жақындары Фемида істі әдейі созбалақтап жүр деген пікірде.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Ерлан Нұрғалиев өлімінен кейін жыл өтті. Осыған орай марқұмның туыстары ас берді. Оған келгендер сот қылмысқа барғандардан әлі де толық жауап алмағанын айтады. Қарағанды облысында өтіп жатқан отырыс барысында, тіпті, іс прокурорға қайтарылыпты. Марқұмның отбасының заңды өкілі барлығы әдейі жасалып жатыр деген ойда.     

 Ғалымжан Тәуекелов, Марқұм Ерлан Нұрғалиевтің ұлының заңды өкілі:
«Қазірге дейін тек куәгерлер мен зардап шегушілерден жауап алынды. Ал, сотталушылар болса сұралынған жоқ. Әдейі созып жүргендей. Уақыт өтіп, бір сабырға келсін дегендей».

Тура бір жыл бұрынғы қайғылы оқиғаға жеті адамның қатысы бары анықталған. Барлығы да Қызылорда облысынан. Үшеуіне  "адам өлтірді" деген айып тағылып, олар уақытша қамау изоляторына отыр. Ал, қалған төрт сотталушыдан заңсыз аңға шыққаны үшін жауап алынбақ. Олар кепілмен бостандыққа шыққан. Бірақ, Ғалымжан Тәуекелов өлімге барлығы да тікелей жауапты, сондықтан, айыпты да бірдей ету керек дейді.

Ғалымжан Тәуекелов, Марқұм Ерлан Нұрғалиевтің ұлының заңды өкілі:
«Бұл менің жеке ойым, меніңше алғашқы көліктегі қалған төрт адам оқиға қатыстары жоқ екенін айтып еді. Оларға сенсек, қайғылы жағдай кезінде бұлар біз алды-артымызға қарамай, кетіп қалдық деген еді. Менің сот барысында бұл алдын ала жоспарланған іс екеніне көзім жетіп жатыр. Ерлан, мына кісілерге кедергі болған».  

Ерлан Нұрғалиевтің туыстары сотталушылардан жауап жақын арада алынады деп үміттенеді.

Елімізде мұндай қайғылы жайттар қайталанбас үшін биылдан бастап  браконьерлерге қатысты заң күшейтілді. Енді мемлекеттік инспекторға шабуыл жасағандар 7 жылдан 12 жылға дейін сотталады. Рұқсатсыз аңға шыққандарды да қатаң жаза күтіп тұр.  



 Марат Ахметжанов, ҚР БАС Прокурорының орынбасары:
«Бұл заңбұзушылық үшін енді 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандынан айыру қарастырылған. Сондай-ақ қорықшыға, мемлекеттік инспекторға шабуыл жасау құзырлы орган маманға күш көрсетумен теңестіріледі».

Сондай-ақ енді браконьерлердің қылмыс кезіндегі мүлкі де тәркіленбек. Ал, шетелдік, не азаматтығы жоқ жан қолға түссе, 5 жылға елден қуылады. Айта кетейік, өткен жылы 53 жасында қызмет барысында көз жұмған Ерлан Нұрғалиевтен бөлек, тағы екі мемлекеттік инспектор қайтыс болған еді. Оның бірі  Қуаныш Нұртазин. 43 жастағы инспектор Ақмола облысында қылмыскерлерді көлікпен қуғанда оққа ұшты. Үшінші қайғылы оқиға Қызылорда облысында болды. Браконьерлердің ізінен түскен қорықшы көлігі апатқа ұшырап, бір маман сол жерде жан тәсілім етті.