Бір жылда қазақстандықтарға 300 млрд теңгеден аса айыппұл салынған

Штрафстан еліне айналып барамыз. Қазақстанда әкімшілік жазаға тарту, айыппұл салу жиілеп барады. Ал жаңа жылдан бастап олардың мөлшері де артты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Мұндай деректі "Әділдік жолы" қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Дидар Смағұлов  ZTB NEWS -ке берген сұхбатында айтқан.

2024 жылы 14 миллионнан аса адам әкімшілік жауапқа тартылған. Бір жылда салынған айыппұлдардың жалпы көлемі 300 миллиард теңгеден асады.

Бұл ел тарихында бұрын соңды болмаған рекорд көрсеткіш. Айыппұл мөлшері бес жылда 4 есе артқан.

2020 жылмен салыстырғанда, әкімшілік айыппұлдан мемлекет қазынасына түсетін қаржы көлемі 3,5 есе артқан. Былтыр айыппұлдардан 190 млрд теңгеден аса қаражат жиналған.

Биылғы көрсеткіш бұдан да көп болуы мүмкін. Себебі 2025 жылдан бастап айыппұлдар мөлшері 6,5%-ға өсті.

Еске сала кетейік, жақында көлігін 5 минуттан артық қыздырғандар да айыппұл арқалайтын норма күшіне енді. Енді енді баласы жоқтарға да салық салайық дейді мәжіліс депутаты Болат Керімбек.