Бір жылда үш мәрте сотталған оңтүстікқазақстандық журналист өзін өзі өртемекші

Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлады.

Амангелді Батырбековтың мұндай шарасыздыққа баруына сыни мақалалары үшін бір жылда үш мәрте сотталып, үш мәрте ақталуы және қудалауға түсуі себеп болып отыр.

Жапа шеккен журналистің айтуынша, оқиға 2015 жылы 9 қаңтар күні облыс прокуроры генерал Ибраhим Иманов жайлы «Генералға екі сөйлеуге бола ма немесе ай-ғасыр дауына қай ғасырда нүкте қойылды?» деген мақаладан басталыпты. Біршама уақыттан соң тілші «Әділет» газетіне «Заңнан да, құдайдан да немесе жазықсыздардың жан айқайы Бас прокуратураға жете ме?» деген мақала жазады. Онда қарақшылық қылмысы бойынша сотталып кеткен екі адамға араша іздеген.

Осы мақаладан соң Сарығаш ауданы прокурорының орынбасары Сапаров журналист өзіне жала жапты деп сотқа арызданады. Әйтседе Амангелді Батырбековтың айтуынша, Сапаров прокурор ретінде ішкі істер органына шағым түсіруі тиіс еді. Бірақ ол Нұрлан Сайлауұлы ретінде сотқа жеке шағым түсірген. Сарығаш аудандық сотының судьясы Берік Қайыпов оны негізге алмастан 1 жыл 6 айға соттапты. Бірақ үш айдан кейін апелляциялық сот ол үкімді бұзып, Батырбековты ақтап, сот залынан босатады. Ал прокурордың іс-құжаттарын облыстық ішкі істер департаментіне жұмсайды.

Мұнымен шектелмеген Батырбеков бір айдан соң тағы бір мақаласы бойынша "жала жапты" деген айыппен екінші мәрте 2 жылға сотталған. Үкімді тағы да бірінші істі қараған судья Берік Қайыпов шығарады.


«Сіз істі қарауға құқыңыз жоқ. Бір мәрте мені заңсыз соттадыңыз, деген қарсылығыма қараған жоқ»,- дейді А. Батырбеков.

Бірақ көп ұзамай тілші қарсы арыз негізінде қайтадан ақталады.

Әйтседе бірінші істегі прокурор Нұрлан Сапаровтың арызы бойынша қайтадан тергеу басталып, тағы да үш күнге қамалады. Артынша алты ай үйқамақта отырады. Сотта екі бап бойынша айып тағылады. Дегенмен, сот процесі барысында ҚР Қылмыстық кодексінің 419-бабы бойынша тағылған айып дәлелденбегендіктен толық ақталып шықты. Ал 411-бап бойынша тағылған айыптан жартылай ақталады. 

Бір жылда үш мәрте сотталып, үш мәрте ақталып шыққан Амангелді Батырбеков ертең Астанада баспасөз мәслихатын өткізбекші. Ал 1-ақпан күні еліміздің Бас прокуратурасында қабылдауда болуы тиіс.

«Олар үнемі қабылдаудан бас тартып келе жатыр. Бұл жолы тағы бас тартса өз өзімді өртеймін»,- дейді Амангелді Батырбеков.