"Біреуінің жағдайы орташа": Елордада коронавирус жұқтырған он төрт адам туралы тың дерек шықты

 Елордада коронавирус жұқтырған он төрт адамның біреуінің жағдайы орташа. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы  Sputnik Қазақстан-ға сілтеме жасап. 

"Бүгін он төрт адамның коронавирус жұқтырғаны анықталды. Олардың бәрі Қазақстан азаматтары. Бесеуі стационарда инфекциялық блокта жатқан. Оның ішінде төртеуі қолайсыз елдер санатына енген Италия, Оңтүстік Кореядан келген. Олардың жағдайы қанағаттанарлық", - деді Қисықова онлайн брифингте.

Ал бір пациент өткір респираторлық вирусты инфекция диагнозымен инфекциялық блокта ем алып жатқан. Тексеру барысында одан коронавирус анықталды. Жағдайы орташа, деді ол.

"Қалған тоғыз адам эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерден келгендерге мониторинг жасау барысында анықталды. Кейбірі ауру жұқтырған адамдармен байланыста болғандар тобынан. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық
", - деді ол.

Қазір бүкіл пациент көпбейінді медициналық орталықтың инфекциялық стационарына жатқызылған. Соңғы дерек бойынша, Қазақстанда 27 адам коронавирус жұқтырды. Оның 11-і Алматыда, қалған 16-сы Нұр-Сұлтан қаласында.

Айта кетсек, індетке шалдыққандар арасында екі жасар сәби де бар.

1536 адам стационарлық карантинде, ал 1094 адам үй карантиніне алынған.
Коронавирустың алдын алу мақсатында елімізде 16 наурыз таңғы сағат 08.00-ден бастап төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуір таңғы 07.00 дейін күшінде болады