"Біреулердің ойыны": Ақтөбе облысының әкімі отставкасын талап еткендер жайлы айтты

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.

"Билікті қақ маңдайдан ұрғаннан ештеңе шықпаса, адамдар ақпараттық шабуылдар жасай бастайды. Петицияны, қол жинауды да көрдік қой. Астанаға барғандар да болды. Бірақ кадрлық шешімдерді мемлекет басшысы қабылдайды. Маған нақты міндет жүктелді. Президент қанша уақытқа қойса, сонша уақыт өз міндетімді орындаймын", - деді Оразалин журналистерге берген сұхбатында.

Аймақ басшысы петицияны "біреулердің ойыны" деп атады. Оны Бестамақ ауылындағы шошқа базасының жұмысшылары бастаған.

Осыдан екі жыл бұрын осы ауылдың тұрғындары облыс әкіміне өтініш жазып, шошқа өсіру базасын жауып тастауды талап еткен. Себебі кәсіпорын экологиялық талаптарды сақтамады. Сотта базаға ірі көлемде айыппұл салынды. Ал мүлікке, соның ішінде шошқаларға да арест салынды. Өткен жылы желтоқсан айында бәрі сатуға шығарылды.

"Олар Оразалин кетсе, шошқа базасы айналасындағы дау-дамай басылады деп ойлайды. Жоқ, сот шешімі бар. Қазіргі кезде тиісті органдар шошқаларды алып қойып жатыр. Жануарлардың саны азайып келеді. Біз сот шешімнің іске асып жатқанына қуаныштымыз. Ал отставкаға келер болсақ, халықтың кімнің және не үшін дүрліктіріп отырғанын білеміз. Менің орныма Ақтөбенің әкімі Асхат Шахаровты қою керек дейді. Сөйтіп, арамызға іріткі салып отыр. Асхат Берлешұлының өзі ыңғайсызданып жүр. Бірақ мен оған сенетінімді айттым, ары қарай жұмыс істеу керек", - деп атап көрсетті Оразалин.


Әкімның айтуынша, қазіргі кезде саяси тұрақтылық қажет.

"Бізге өз жоспарымызды, мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау керек. Иә, әр адамның өз пікірі бар, маған қарсы әдейі ұйымдастырып жатқанын да түсінемін. Бірақ өзім оған мән бермеймін", - деді Оразалин.