20 күн бойы елордалық театр сахнасында әлемдегі үздік театрлардың прималары мен премьерлері, сондай-ақ опера жұлдыздары өнер көрсетті.
Бас қала спектакльдердің әр күнін аншлагпен қабылдады. Үш апта ішінде өнер ошағына он бес мыңнан астам көрермен келді. Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсына әртүрлі факультеттен 200 астам студент келді, осылайша рекорд жасаған жастар ұлттық төл туындымызбен танысуға арнайы жол тартқан. Дж. Пуччинидің «Богема» операсы да жастар назарынан тыс қалған жоқ, әртістердің сахнадағы көңіл-күйін залдағылар бір деммен тамашалап шықты.
Сондай-ақ, «Тоска» операсында өнер көрсеткен әйгілі итальяндық үштік: Анна Пироцци, Массимо Джордано мен Альберто Газале көрнекті әртістер «Астана Опера» шаңырағының астында жыл сайын бас қосып, тәжірибе алмасып, Қазақстанның музыкалық шығармашылығымен танысу мүмкіндігіне ие болады деген сенімдерін де білдірді. Әлбетте, олар бірауыздан опера әлемінің өзінше бір кереметіне айналған театр ғимараты жайында, осы бірегей сәулетті құрылысты дүниеге әкелген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген өздерінің таңданысы мен құрметін ерекше атап өтті.
Фестиваль аясында көрсетілген «Аққу көлі», «Ромео мен Джульетта», «Спартак» балеттері «Астана Опера» репертуарынан лайықты орынды иеленіп, осы күзде Америка, Франция және Ресейден келген шеберлер оның ажарын аша түсті. Олар: Бостондық театрдың премьері - Лаша Хозашвили, «Бордо» Ұлттық Операсының этуалі Роман Михалев (Франция), Ресей Үлкен театрының примасы мен премьері - Екатерина Шипулина, Александр Волчков. Қонақтарға елордалық сахнаның кеңдігі ұнады.
«Астана Опера» төріне гастрольмен Абай атындағы театр ұжымы келгенде, балет мерекесі одан әрмен жалғасты. Труппа Борис Эйфманның күрделі балеті - «Қызыл Жизельді» қойды. Өнерді бағалаушылар әртістердің жақсы дайындықпен келгенін, олардың спектакльді эмоциялық тұрғыдан жеткізе алатын қабілетін атап өтті.
Астаналық көрерменді Қытайдан келген әртістердің Гала концерті ерекше әсерге бөледі. Жарқыраған костюмдер, цирк атрибутикасының нышандары, әртістер таланты мен шыдамдылығы бірлесіп қайталанбас шоу сыйлады. Шоу эстафетасын одан ары 3D әсерлі қойылымымен Astana Ballet өнер ұжымы іліп әкетті. Қиял арқылы бір әлемнен екіншісіне ауысумен ұштасқан адам жанының дүниеге келуінің философиялық тарихы көрерменге фестивальдің 12-ші күнінде ұсынылды. Бір актіден тұратын балет, нәтижесінде Жер жүзінің әсемдігін дүниеге әкелетін адам жанының қара - зұлым, мейірімді - ақ жағы қырларының өзара әрекеті жайлы баяндап берді. Никита Дмитриевский классикалық және заманауи хореографияны бір арнаға қызықты етіп тоғыстырып көрсетті, деп хабарлайды «Астана опера» театрының баспасөз қызметі.