100-ден аса ұлттың өкілі мекендейтін Ақмола облысында бірлік пен татулықтың үлгісі сахналанды. Тағдыр айдап қазақ жеріне келгенде көрген жақсылық еске түсірілді. Қойылымдардың барлығы ұлттар мен ұлыстардың басын қосқан қазақ елінің тарихынан сыр шертеді.
Зоя Иващенко, тыл ардагері:
-Өз өмірім көз алдыма келе қалды. Мен де 54-ші жылы Қазақстанға тың игеруге келгенде 19 жаста ғана едім. Жаңағы көріністен өзімді көргендеймін. Көктемнің басы еді. Жаурап-жасынап айдалаға келгенде, қазақ халқы бізді құшақ жая қарсы алды. Содан бері қандай қиындықта болсын, қуанышта болсын біргеміз. Мен қазақ халқына дән ризамын!
20 этно-мәдени орталықтың екі жүзден астам өкілі Шымкенттің жаңа әкімшілік орталығында мерекелік шерумен жүріп өтті. Жалпы, жаңа алаңның кеңдігінен болар, мерекеге келушілердің саны биыл рекордтық көрсеткішке жетіпті.
Ал Қарағандыдағы ұлттар мен ұлыстар сап түзеп шеру жасап, орталық көшемен жүріп өтті. Ұлттық өнерін ортаға салып, шерудің шырайын келтіргендер де аз болмады. Көшені лық толтыра аяңдап жүріп өткен көштің арасында сәтті ұтымды пайдаланып, өз мекемелерін жарнамалаған транспарант ұстап алғандар да бар. Бірақ бірлік пен татулықтың сәнін мұндай ұсақ-түйек бұза алмайтын сыңайлы.
Гүлсім Хасенова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Өздеріңіз білесіздер, басқа жақтарда соғыстар болып жатыр. Зардап шегіп жатыр көп адамдар. Біздің Қазақстанымызда көп ұлт өкілдері тұрады. Біз тату-тәтті өмір сүреміз.
Кең байтақ жеріне 130-ға тарта ұлтты сыйдырып отырған Қазақстан үшін татулықтың маңызы зор. Мұны осы шеруге қатысушылардың барлығы да мойындайды және қолдайды. Сондықтан олар аталмыш құбылыс елді даму жолына салып, ынтымаққа бөлейтін бейбітшіліктің кепілі деп санайды.
Loading...