Бірнеше әйел Мәжілістің тура алдында өздерін шынжырмен байлап тастады

Депутаттар күнде кіріп шығатын Мәжіліс ғимаратының алды тағы у-шу. Қаз-қатар тізілген төрт келіншек өздерін кәдімгі темір шынжырмен Парламент үйіне кіреберістегі қоршауға байлап тастаған. Тіпті оған құлып салып, кілтін таныстарына беріп жіберіпті. Бұл - топтасқан адам көрсе,  күштеп бөлімшеге сүйрей жөнелетін полицейлерден қорғану үшін ойлап тапқан әдісіміз дейді өздері.

-Нан суымызды ала келдік...

Қоршауға мықтап маталғандарды полицейлер ғана емес, Астанадағы барлық құтқару қызметі күзетіп тұрды. Олар  бұйрық берілсе болды, әйелдердің беліндегі темір шынжырды қиып түсуге де дайын, құрал-саймандарын сайлап қойған. Ал, екі жылдан бері жерлерін даулап, әбден ашынған келіншектер мұның бірінен де, қаймыққан жоқ.  

Сәрсенкүл Әшірбаева, Астана қаласының тұрғыны:

- Бізге  үй берсін,әйтпесе соңына дейін жүреміз. Бергендері . 1 миллион 200 мың теңге. Далада қалып жатырмын.

Бұл келіншектер бүгін де наразылыққа бала-шағасымен шыққан. Алайда полиция кішкентайларды Парламенттің есігіне жуытқан жоқ. Жалпы бұл тұрғындар «үйлері сүріледі» деген шешім шыққалы бірнеше рет ереуілдетіп, тіпті кран басына шығып кеткен еді. Себебі әкімдіктің ұсынған өтемақысына көңілдері толмай отыр. Жуырда осы базынасын айтып Бас прокурордың өзімен жолықпақ болғандарында полицейлер күштеп бала-шағасымен қоса бөлімшеге алып кеткен. Ал өздері сайлаған Мәжілістен араша сұрап келгендерге тек бір депутат шықты. Халық қалаулысы тура есіктерінің алдында өздерін шынжырлап тастағандарды көргенде шошып кетіп, келіншектерді дереу сабырға шақырып басу айтты.


-  Мен Светлана Бычковамын. Депутатпын.

- Сіздер депутаттар, әкімдік пен Бас прокуратура әлеуметтік жағдайды шиеленістіріп отырған.Осындай жағдайға баруға итермелеп отырсыздар.   2 жылдан бері күресіп келеміз. Ешкім тыңдамайды.

Бұл шиеттей бала-шағасы бар отбасының бірінің баспанасын тартып алған, ал екіншісінікін қиратқалы жатыр. Аналардың базынасын асықпай тыңдап шыққан депутат 2 күннен кейін тағы қабылдап, мәселені шешіп беруге уәдесін үйіп-төкті. Мұны естіген ашулы әйелдер  жіби кетті. Құлыптың кілтін алдырып 2 сағат бойы кісендеулі тұрған шынжырларын  өздері шешті.

Сандуғаш Серікбаева, Астана қаласының тұрғыны:

-Біз  қазір қайтамыз үйімізге, бірақ егерде 11-де  тағы да полициямен қудалайтын болса,  онда басымызды тігеміз. Біз де шаршадық, денсаулықтан денсаулық қалмады.

-Астанада соңғы бес жылда 931 үй сүріліп, 10 миллиард теңге өтемақы төленген екен. Алайда, мол қаржы бәріне бірдей бөлінбеген. Тұрғындардың ызасын тудырып отырған тағы бір жайт - бастапқыда «мемлекеттік қажеттілік» үшін деп қайтарылған жер телімдері кейін басқа бағамен бөгде адамдарға сатылған. Оны дәлелдейтін құжаттары да бар көрінеді. Бірақ оған ешкім назар аудармай отыр деген наразы топ талаптары орындалмайынша оңайлықпен беріспек емес.