ҚР президентінің баспасөз қызметінен таратылған ақпарат бойынша, кеңестің алғашқы отырысы "төрттік" президенттерінің қатысуымен тар ауқымда өткізілсе, кеңейтілген құрамдағы екінші отырыс Біртұтас экономикалық кеңістікке мүше елдердің ресми өкілдері мен үкімет басшыларының қатысуымен өтеді.
Күн тәртібіне сәйкес, Біртұтас экономикалық кеңістік мемлекет басшыларының кеңесі биылғы жылдың мамыр айында Ялта кездесуінде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру барысы, сондай-ақ, жоғары деңгейлі топ әзірлеген кеңістік аясындағы кезек күттірмес келісімдер мен басқа да халықаралық құқықтық құжаттар топтамасын қарайды.
Баспасөз қызметінен хабарлауынша, аталмыш тізім жобасына қамтылған 29 келісім-шарты төрт мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа байланысты кең көлемді мәселелерге қатысты. Мәселен, мынадай келісімдер талқыланбақшы: Біртұтас экономикалық кеңістік республикаларының мемлекеттік шекаралары арқылы өтетін тауарлардың кедендік құнын анықтау туралы; үшінші елдерден келген тауарлардың шығу тегін айқындаудың біртұтас ережелері туралы, тарифтік квоталарды пайдалану, тауар экспорты мен импортын лицензиялау және транзит шарттары туралы; үшінші елдерге жіберілетін тауарлардан кедендік баж салығын алу тәртіптері туралы; өзара сауда-саттықта антидемпингтік, компенсациялық және арнаулы қорғаныс шараларын қолдану туралы; ішкі шекаралардағы кедендік бақылау және тауарларды кедендік рәсімдеу тәртіптерін жеңілдету туралы келісімдер. Сондай-ақ, жоба бойынша жоспарланған тізімде Біртұтас экономикалық кеңістік мемлекеттеріндегі кедендік аумақтар арқылы үшінші елдерден тауарды транзитті тасымалдаудің біртұтас тәртібі туралы келісім; Бүкіләлемдік сауда ұйымының нормалары негізінде ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп саласына субсидия бөлудің біртұтас принциптері туралы және мемлекеттік сатып алу туралы келісімдер жобасы бар.
Отырыста сондай-ақ Біртұтас экономикалық кеңістік шеңберінде өзара сауда-саттық саласында Қосалқы құн салығын жинаудың біртұтас принциптеріне көшу және төрт мемлекеттің ішкі шекаралары арқылы жеке тұлғалардың қатынау тәртіптерін жеңілдету мәселелері де талқыланады.
Отырыс соңында қорытынды құжат қабылданады деп күтілуде.