ҚР білім және ғылым министрлігі тест сұрақтарын зерттеу үшін арнайы комиссия құрып, оған Астана, Алматы және Павлодар қалаларынан тест сұрақтарын әзірлеген 114 ұстаз бен 71 сарапшы қатысқан. Сарапшыларды ҚР білім және ғылым министрлігінің облыстық департаменттері тағайындады.
Бірінші кезекте былтырғы түлектер тарапынан наразылық тудырған сұрақтар сарапталды. Сарапшылар осындай 2 мың сұрақтың 60-ын нақты емес деп тапты. Ал сұрақтардың қалған бөлігі мектеп бағдарламасына сәйкес болып шықты, деді Т.Балықбаев.
Сонымен бірге Қазақстан тарихына қатысты көптеген сұрақтар "айтарлықтай дау тудырды". Осыған байланысты 2004-жылдың 25-желтоқсанында еліміздің жетекші ғалымдарынан 18 адамды қамтыған комиссия құрылды. Мамандар 2206 сұраққа талдау жасап, олардың 574-і тест сұрақтары арасынан алынып тасталды. "Біз оғаш әрі жеке басқа қатысты сауалдарды алып тастадық",- деді комиссия мүшесі Саттар Мәжитов.
Жалпы алғанда 650 мың сұрақ арнайы сараптамадан өтті, олардың арасынан 108 мың сұрақ 25 пән бойынша базаға қамтылған және оларды Бірыңғай ұлттық тестілеу сынағына шығарылатын тест сұрақтарына қосуға болады,- деді Т.Балықбаев. 2005-жылдың 1-сәуірінен бастап тестілеу орталығы сұрақтарды варианттарға бөле бастайды.
Биыл еліміз бойынша 220 мың бала орта мектеп бітіреді. Бірыңғай ұлттық тестілеу сынағына қатысатын түлектердің нақты саны мамыр айында белгілі болады, деді Т.Балықбаев.