Бишімбаевтың ісі біраз мәселені ашты: Бала тәрбиесіне көңіл бөлу

Бишімбаевтың ісі біраз мәселені ашты. Тек зорлық-зомбылықтың қауіптілігіне, соттың ашықтығы мен әділігіне қатысты емес, ата-ана үшін маңызды бір мәселені айшықтап берді. Бұл – бала тәрбиесіне көңіл бөлу.

Бұл сұрақты журналист Сәуле Әбілдаханқызы көтерді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Былай қарасаңыз, Қуандық Бишімбаевты білімсіз бала деп айта алмайсыз. Шетелде «Болашақпен» оқыған. Жастайынан көзге түскен. Еліміздегі ең жас министр атанғандардың қатарына кіреді. Сырттай қарағанда кез келген ата-ана армандайтындай бала секілді. Бірақ...

Бірақ оның тәрбиесі ақсап тұр. Кішкентайынан кісі ақысын жемеу, тәрбиелі болу, біреуге қысым көрсетпеу, күш қолданбау секілді тәлімді естіп өспеген секілді. Әйтпесе, пара алып түрмеге түсе ме? Әйелін айуандықпен ұрып өлтіре ме? «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны байқалады.

Адам болу тек біліммен ғана шектелмейтінін де осы оқиға дәлелдеп отыр. Оксфордта оқисың ба, Кембриджде кітап кеміресің бе, Гарвардта білім аласың ба, бәрібір. Тәрбие болмаса, жинаған ілімің түкке тұрмайды екен.

Бишімбаев ісі бізге сабақ болуға тиіс. Ата-аналар балаларының тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Ұрпақтың білім алуын ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар олардың не істеп жүргенін, ұстанымдарынан хабардар болып отыру қажет. Ерке балам деп бетіне жібермей, қателігін айтып, кем-кетігін түзеп отыру керек.

Өкінішке қарай, қазір көпшілік бала тәрбиесін мектепке жүктеп қойып, үйге келгенде оларға назар аударып жатпайды. Соның салдарынан қоғамда жаңа Бишімбаевтар өсіп шығуы мүмкін. Бұған жол бермес үшін әр ата-ана бала тәрбиесімен мұқият айналысуы қажет.

Сол секілді, Бишімбаев оқиғасы тағы бір нәрсені көрсетті. Әке-шешелер ажырассаң, ұят болады деп қарап отырмай, қызын қорғауы керек. Елімізде күйеуінің ұрғанына шыдап жүрген талай қыз-келіншек бар. Ата-анасына барса, «ұят болады» деп әке-шешесі қайтарып жібереді. Өз үйіне келсе, жұдырығын түйіп тиран күйеуі отырады.

Сондықтан ұлдарға қызды ұруға болмайтынын үйретумен қатар қыздарымызға қорлыққа көнбеуді де айтуымыз қажет", - деді журналист.