Бішкекте 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы жайында спектакль қойылды


Қырғыз еліндегі екі бірдей еңселі театр қатар еңбек еткен пьесаның премьерасына Бішкектегі зиялы қауым өкілдері, Қырғыз Республикасының Жогорку Кенеш депутаттары мен мәдениет саласының майталмандары келді.

С.Досановтың «Жанұран» драмасын қоюға Қырғыз Республикасы Мәдениет министрлігі мұрындық болған.
Сәбит Досановтың шығармасы бойынша қойылған қырғыз режиссері Қаныбек Дуйшеналиевтің спектакліне халық көп жиналды. Және екі күн қатарынан жүрген «Жанұран» драмасына билеттер алдын ала сатылып кеткен.

Спектакльдің басты кейіпкері - Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке риясыз қошеметпен қол соқты. Қойылым аяқталғанда алған әсерінен айырылмаған қырғыз студенттері спектакльдің ұнағанын, әсіресе, тәуелсіздіктің қадірін терең түсінгендіктерін, толқығандарын айтып жатты.

Қазақтың қайсар перзенті - Қайраттың рөлін «Үміт» сыйлығының лауреаты Бақтыбек Нурмат уулу, Фатиманы - Майрамкүл Бегіманқызы, Колбинді - Эрлан Бекчоро уулу, Дәметкен ана бейнесін Нарынкүл Токтобекқызы ойнады. Алмаз ақынның рөлін Нурбек Урматжан уулу сомдады.

«Қайраттың бейнесін беру мен үшін оңайға соқпады. Талай ізденісті бастан өткердім. Қажыр-қайратын, ерік-жігерін, бойындағы төзімділік пен намысшылдықты беруге барынша ұмтылдым», - дейді артист Бақтыбек Нұрмат уулу.

Қойылым барысында режиссер ізденісі, балетмейстер - Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген артисі Талант Осмоновтың қолтаңбасы айрықшаланды. Азаттыққа ұмтылған бұлқыныс бидің тілімен тамаша берілді.

Пьесаны аударған Қырғыз Республикасы мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Маркабай Ааматов спектакль сахналанғанша автордың Бішкекке үш рет келіп, ақыл-кеңес, ұсыныстарын айтып тұрғанын алға тартады.

Сонымен, араға отыз жылдай уақыт салып барып, қырғыз сахнасына оралған драматург Сәбит Досановтың «Жанұран» спектаклі өнер көпірін жаңғыртып өтті. Сонау 1985 жылы М.Әуезов театрының артистері гастролдік сапармен Қырғыз еліне келіп, жазушының «Дауыл» атты пьесасын қойған екен. Ол кезде де қойылым жылы қабылданып, әсерлі шығыпты.
Осылайша, қаласаң екі-үш сағатта жетіп баратын Бішкектегі ағайындарымыз қазақтармен қимай-қимай қоштасты.