Бішкекте 3 мыңнан астам адам республика президентінің отставкаға кетуін талап етті

Наразылық акция кеше шамамен 16.30-да басталды. Шерушілер сап түзей үкімет үйіне қарай барып, "Бакиев кетсін" деп айқайлады. Оппозицияның жақтаушылары сегіз күннен бері киіз үйлерде тұрып жатыр.

Оппозиция көсемдерінің айтуынша, кешеден бастап аймақтардан да наразы топтар келе бастаған. Ақпарат көздерінің айтуынша, дәл бүгін Қырғызстан билік өкілдері мен оппозицияның арасында шешуші тартыс болмақ. Шеруді ұйымдастырушылар Бишкектің орталық алаңына 100 мыңға дейін наразы халықты жинауға дайын екендігін айтуда. Ал күш құрылымдары болса, мұндай нөпір халықты бақылауға алуға сақадай сай екендіктерін білдірді.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, оппозицияның мерзімнен тыс шеруі Бишкете сәуірдің 11-і күні басталған. Оны - "Қырғызстанның болшағы үшін" атты біріккен күш пен " Реформалар үшін!" қозғалысы ұйымдастырған. Олар президенттің жедел түрде отставкаға кетіп, республика басшысын тез арада сайлау және конституциялық реформалар жасауды талап етуде. Ал Қ.Бакиевтің өзі жаппай наразылық шараларға байланысты оқиғаға ешқандай баға бермеді.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті