Митингіге қатысушылар Б.Ақаева жеңімпаз деп танылған №1 Университет сайлау округі бойынша сайлау қорытындысын қайтадан қарауды талап етуде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 14-сәуір, бейсенбіде Бермет Ақаева елдегі билік ауысқаннан кейін алғаш рет Қырғызстан Жогорку кенешінің отырысына келіп, парламенттегі жұмысына кіріскен. Отырыс барысындағы үзіліс кезінде парламенттің жетекшісі Өмірбек Текебаев Бермет Ақаевамен бір округ бойынша сайлауға түскен Болот Марыповтың шағымына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғарғы сот ақырғы шешім қабылдағанға дейін одан парламент жұмысына қатысудан бас тарта тұруды сұрады.
Қырғызстандағы қоғамдық ұйымдар Б.Ақаеваның парламентке келуін мүлдем кереғар екі бағытта бағалап отыр. Мәселен, "Интербілім орталығы" деп аталатын үкіметтік емес ұйым өкілдері Қырғызстанның бұрынғы президентінің қызына қарсы тұрғындарды пикетке шығуға шақырды. Ал Қырғызстанның бейресми және коммерциялық емес ұйымдарының қауымдастығындағылар "қорғансыз әйелге қарсы пикет ұйымдастыруды" қорқақтық деп атады.